«Бүкіл жұмысымыз жауапкершіліктен тұрады»: вице-премьер бюджет жоспарының орындалмауына кім жауапты екенін айтты
Қазақстан бюджеті кейінгі жылдары бюджет жоспары орындалмай, тек дефицитпен қалыптасып келеді. 17 қарашада Үкімет биыл бюджетке кіріс жоспардан 10% кем түскенін хабарлады. Осы орайда депутат Еркін Әбіл журналистерге бергенде «бюджет жоспарының орыдалмауына министрлер басымен жауап беруі керек» деп мәлімдеген.
Осыған байланысты журналистер Мәжіліс кулуарында вице-премьер-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан қазынаға қаржы жоспардан кем түсіп жатқанына кім жауапты, Үкімет бюджетті неге дұрыс жоспарлай алмайды деп сұрады.
«Қазақстан бюджеті бірнеше жыл қатарынан дефицитпен қалыптасып келеді. Бюджеттің дефицитпен қалыптасуы – заң бұзу емес. Бюджетті жоспарлау мен атқаруға қатысқандардың бәрі жауапты. Біздің жұмысымыз жауапкершіліктен тұрады. Үкімет жауапкершіліктен қашпайды», – деді Байбазаров.
Бұл ретте Байбазаров мемлекет қаржысын басқару мен жұмсауда белгілі бір шектеулер енгізілгенін айтып өтті. 2025 жылы Үкімет бюджет шығынын қысқартып, кірісін арттыру мақсатында жұмыс істемек.
2024 жылы Қазақстанның республикалық бюджетіне 10 шақты рет түзету енгізілді. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі бюджет тәртібін бұзды деп, министрлік жұмысын сынға алған болатын.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Үкімет парламенттің қатысуынсыз бюджетке өзгеріс енгізуді әдетке айналдырған. Депутатқа берген жауабында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл түзетулердің шығындарды оңтайландыру мақсатында енгізілгенін жеткізген.
Биыл 11 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсті. Алайда қазына кірісі 2 трлн теңгеге азайып, Үкіметтің межелі жоспары орындалмады.