Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші қызы Әлия Назарбаева кәсіпкер Димаш Досановпен ресми түрде ажырасып кеткен. Бұл туралы Қазақстан Nege.kz басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, Назарбаева мен Досанов 2024 жылдың 14 қазанында ресми түрде ажырасқан.
«Қолға келіп түскен деректерге сәйкес, Н.Назарбаевтың бірінші әйелінен туған үш қызының кенжесі Әлия Назарбаева күйеуі Димаш Досановпен ресми түрде ажырасып кеткен. Ол енді бұрынғы күйеуімен соттасып жүр», – деп жазған басылым.
Ақпаратқа сүйенсек, Назарбаева мен Досанов кәмелетке толмаған балалардың кімнің қарауында болатынын сот арқылы шешкен. Сот балаларды Назарбаевамен қалдыру туралы шешім шығарған.
Айта кетейік, Досанов пен Назарбаевның ажырасқаны туралы ашық дереккөздерімен, сот кабинетінен ресми құжатты таба алмадық.
Назарбаева мен Досанов 2015 жылы бас қосқан. Некеде екі бала дүниеге келген. Әлия Назарбаевамен үйленгенге дейін Досанов «Қазақстан-Қытай құбыр желілері» компаниясын басқарған. Үйленгеннен кейін бір жылдан соң, 2016 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясының басшысы болған. 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен.
Әлия Назарбаева Қазақстандағы экологиялық бастамалар мен кино индустрияда қызмет етіп үлгерген. Оған Recycling Company зауытымен Green Future Management Ltd және «ӨКМ Оператор» компаниясы тиесілі. Соңғы компания Қазақстанда утильалым алумен айналысқан. Оған қатысы бар бірнеше лауазымды тұлға сотталып үлгерген. Ал Recycling Company-ға тиесілі зауытты Андрей Лаврентьевке тиесілі Qarmet сатып алған.