Жаңалықтар

Еңбек министрлігі ереуілге шыққан «Қазақмыс» кеншілерін айыптап отыр

Еңбек министрлігі ереуілге шыққан кеншілерді айыптады/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақмыс корпорациясы» жұмысшыларын еңбек заңнамасының нормасын бұзды деп айыптады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің ереуілге шыққан жұмыскерлері еңбек заңнамасының нормаларын бұзғанын мәлімдейді. Жұмыскерлердің бұл әрекеттері еңбек заңнамасында көзделгендей талаптарды ұсыну тәртібін және оларды жұмыс берушінің қарау ретін бұза отырып жүргізілді», – деп жазылған еңбек министрлігінің сайтында.

Ведомствоның мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сай, арадағы келіспеушілікті шешу мүмкін болмаған жағдайда мәселе татуластыру комиссиясында қарастыру керек. Ал заңнамадағы тәртіп сақталмаса, еңбекақы көтеруін сұраған шахтерлер тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

Редакцияға келіп түскен мәліметке сенсек, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі Шатыркөл, Жайсаң кен орындарының жұмысшылары да ереуілге шығып жатыр. Жайсаң кен орнындағы байланысты өшіріп тастады деген ақпарат бар.

Еске салайық, «Қазақмыс» корпорациясы Сәтбаев қаласындағы шахта жұмысшыларының ереуілі әлі жалғасып жатыр. Кеншілердің негізі талаптарының бірі – еңбекақыны 100% өсіру және 13-жалақыны көбейту.

Олармен кездескен Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов пен Сәтбаев әкімі Мұрат Бөрібаев 13-жалақыны 30%-ға көбейте алатындарын айтты. Бірақ жұмысшылардың жалақысын толық өсіру туралы талап әлі орындалған жоқ.  «Қазақмыс» компаниясы баспасөз қызметінің  мәлімдеуінше, жалақының негізсіз көбеюі өндіріске кері әсерін тигізеді.

 «Нуриев жалақының күрт әрі негізсіз ұлғаюы түптің түбінде компанияның бірқатар кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, консервациялануынаәкелетініне, салдарынан жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтыратынын атап өтті», – делінген хабарламада.