17 желтоқсанда басталған «Қазақмыс» жұмысшыларының ереуілі әлі тоқтаған жоқ. Әлеуметтік желіде компанияға қарасты шахта астынан түсірілді деген видеолар тарап жатыр. Онда кен орнындағы отыз-қырыққа жуық жұмысшы жалақыны көтеру туралы талаптарын айтып тұр.
«Қазір біздің топтың талабы – ұйымдастырушы топқа тиіспеу. Барлық шахтерлерді. Біз көп нәрсе сұрамаймыз. 100 пайыз жалақы. Автобус айдайтындар 550 алады. 500-600 мың теңге. Ол көп ақша ма? Көп емес», – дейді видеода сөйлеп тұрған шахтердің бірі.
Келесі видеода жұмысшылармен келіссөздер жүргізген компания жетекшілерінің әңгімесі жазылған. Компания атынан сөйлеп тұрған ер адам жұмыс беруші ретінде өз тарапынан барлық уәдені орындап отырғанын айтады.
«Жалақыны 100 пайызға көтеру жайлы. Бізге бүгінгі акция түсініксіз. Басынан бастайық, Жұмыс беруші ретінде, корпорация қарашаның еңбекақысын желтоқсанның басында төледік. 4-5 желтоқсанда берілді. 12 желтоқсанда 13-еңбекақы барлығына берілді уәде етілгендей. Жалақыны көтеру мәселесі, өздеріңіз білесіздер, 23-і жыл қорытындысы жасалады. Бүгін жұмысты тоқтатуға шештіңіздер, біз үшін түсініксіз. Бірақ қазір басқарма төрағасының атынан шыққан баспасөз баяны әлеуметтік желіде жарияланды. Заң бойынша жұмыс беруші ретінде біз өз талабымызды орындадық. Үкімет қаулысына сай, жалақы инфляция деңгейіне қарай индексацияланады», – дейді ол.
«Қазақмыс» компаниясына қарасты шахталарда 200-ге жуық жұмысшы 17 желтоқсанда өз талаптарын айтып, жұмыс істеуден бас тартып, ереуілге шыққан еді. Олардың басты талабының бірі – жалақыны көтеру. Алғашында 30%-ға, кейін 100%-ға көтеруді сұраған. Ал компания өкілдері еңбекақы келесі жылдан бастап өсетінін айтады.
«Қазақмыс Корпорациясы» бұған дейін 2025 жылғы қаңтардан бастап жалақының өсуін жариялаған болатын. Индекстеу 2024 жылы Ұлттық статистика бюросы ресми түрде белгілеген инфляция деңгейіне жүргізіледі. Жалақыны 8,5%-ға арттырған кезде корпорация бойынша орташа жалақы 822 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 730 431 теңге), ал жерасты жұмысшылары үшін — 1 303 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 1 202 000 теңге) өседі», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
«Қазақмыс» – еліміздегі ең ірі мыс өндіруші корпорация. Оның құрамында он кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, мыс зауыттары бар. Компанияның Қарағанды, Балқаш және Жезқазғандағы өндірістік алаңдарында 37 мыңнан аса адам жұмыс істейді.
Кәсіпорын акциялары Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі. «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы Ким «Қазақмыстың» 69,37%-на, ал Огай 29,73% үлесіне иелік етеді.