Сириядағы мәселесін шешіп берсе, Путин Қадыровтан Wildberries-ті аяп қалмайды
Сириядағы әскери базаларды сақтап қалуға көмектессе, Рамзан Қадыровқа Wildberris маркет-плейсін беруге дайын. Бұл туралы құпия дереккөзіне сілтеме жасап «Новая газета.Еуропа» басылымы жазады.
Ресей президенті Владимир Путин Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа Сириядағы билікті басып алған «Хайат Тахрир аш-Шам» тобымен келіссөздер кезінде делдал болуды ұсынды. Ол биліктегі қарулы топты Хмеймимдегі әуебазасы мен Тартустағы әскери-теңіз портын сақтап қалуға көндіру керек. Осы қызметі үшін Қадыровқа елдегі ең ірі маркетплейс Wildberries-ке бақылау орнатуға рұқсат береді.
«Новая газета. Еуропа» басылымы дереккөзінің сөзінше, бұл әңгіме Қадыров Мәскеуге барған сапарында Путинмен бетпе-бет отырып талқыланған.
«Қазір Мәскеуге ресейлік әскери базалардың мәселесін шұғыл шешу керек. Егер Қадыровтың қолынан келсе, ешқандай Wildberries-ті аяп қалмайды», – деп атап өтті дереккөз.
Сондай-ақ маркетплейс айналасындағы даудан кейінгі «моральдық шығынның» орнын толтыру үшін Шешенстан басшысы Дағыстан атынан сайланған сенатор Сүлейман Керімовтың алтын өндіруші бизнесінен үлес сұраған. Дереккөз Путин Қадыровтың бұл қалауына да көніп отырғанын айтады. Wildberries сыртқы жарнама операторы Russ Outdoor-мен біріккен кезде, ол мәміленің бенефициары деп сол Керімов саналған еді.
Ресми түрде Путин мен Шешенстан басшысының кездескені жайлы жарияланған жоқ. Бірақ Қадыровтың соңғы айдағы белсенділігі жоғарыдағы ақпаратты жоққа шығармайды. Жеке каналында Қадыров 9 желтоқсанда Кремльге барғаны туралы жазған еді. Ол «Алтын жұлдыз» медалімен марапаттау рәсіміне қатысып, артынан бір аптаға жуық Мәскеуде болған.
Соңғы аптада сириялық тақырыпқа қатысты үш рет мәлімдеме жасады. Ол «Хайат Тахрир аш-Шам» тобын ресейлік террористік ұйымдар тізімінен алып тастауды ұсынып, Сириядағы «оппозициялық билікті» Батыстың арандатуына көнбеуге шақырды.