Жаңалықтар

«Қазақмыс» жұмысшыларына қысым жасап жатпағанын хабарлап, жаңа ұжымдық шартты ұсынды

"Қазақмыс" ереуілге шыққан кеншілердің талабын орындай ма?
«Қазақмыс» ереуілге шыққан кеншілерге қысым көрсетпегенін мәлімдеді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сәтбаев кеншілері ҰҚК қысым жасап жатқанын айтып, Тоқаевтан араша сұрағаны мәлім. Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі  №65 шахтадағы жұмысшылар корпорация талаптарымен келіспей тұрғанын бейнеүндеуде айтты.

«Қазақмыс»  копорациясы жұмысшыларға басшылық тарапынан қысым болмағанын хабарлап, ақпарат жариялады. Соған сәйкес күштік құрылымдар да тиіспегенін атап өтті.

Холдинг кеншілердің орташа жалақысы 730 431 теңге екенін алға тартты. Корпорация ереуілшілердің кейбір талабымен келіскенін де алға тартты.

«Ұсынылған шарттарды қызметкерлердің басым көпшілігі, 40 мыңға жуық адам, қолдады. 65-шахтаның (ЮжР) жұмысшыларының шағын тобы ғана ымыраға келмей отыр», – деп түсіндірді корпорация.

Компанияның баспасөз қызметі ереуілге шыққандарды ыстық тамақпен қамтып жатқандарын да қаперге салуды ұмытпады.

Бұған дейін кен орнына күштік құрылымдар автобустармен келіп жатқаны туралы бейнежазба тарады. «Қазақмыс»  копорациясының баспасөз қызметі бұған қатысты ештеңе айта алмайтындарын мәлімдеген.

Жаңа ұжымдық шарт

«Қазақмыс» 2025 жылдан бастап шахташыларға қандай әлеуметтік пакеттерді ұсынатынын жариялады.

Жаңа ұжымдық шарт бойынша бірнеше жеңілдік қарастырылған:

  • шипажайда демалуға арналған қаражатты көбейту;
  • лагерьге баратын жұмысшылардың балаларының саны 1500-ге жеткізу;
  • 954 ерекше баланы оңалтуға көмектесу.
  • 13 500-ге жуық адамға ерікті міндетті сақтандыру төлемін қамту, сонда 2025 жылы 44 500 жұмысшының әрқайсына жыл сайын 2,5 млн теңге сақтандыру жарнасы төленеді.

Жаңа шарт 2025-2029 жылдарға арналған. Корпорация инфляция шамасына орай орташа жалақыны қаншалықты өсіретінін де ашып көрсетті.