«Самұрық-Қазына» Qazaq Air-ді сату жөніндегі мәмілені жылдың соңғы аптасында аяқтамақ
Жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Qazaq Air әуетасымалдаушысын сату бойынша мәміле аясындағы маңызды келіссөздерді аяқтады. Бұл туралы Стратегия және активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік қордың тең басқарушы директор Елжас Отыншиев мәлімдеді.
Оның түсіндіруінше, Qazaq Air-ды сатып алу үшін келіссөз жүргізген вьетнамдық компанияға екі талап қойылып отыр. Біріншісі – инвестор 38,04 млрд теңге көлеміндегі қарызды 2024 жыл соңына дейін қайтаруы керек. Бұл – әуекомпанияның осы уақытқа дейінгі борышы. Екіншісі – алдағы бес жыл ішінде инвестор Boing немесе Air Bus сериясынан 20 ұшақ сатып алуы керек. Қажет болған жағдайды ол келісімді екі жылға дейін созу мүмкіндігі бар.
«Осы келісімді орындау үшін вьетнамдық Sovico кепілдік беруге дайын. Жалпы бұл келісімдер және қосымша халықаралық рейстер ашылуы – Қазақстанның азаматтық авиациясына оң серпін беріп, логистика, туризм, сауда тәрізді іргелес салалардың дамуына қолдау болады», – деп атап өтті Елжас Отыншиев.
Оның сөзінше, 20 желтоқсанда экономиканы модернизациялау бойынша мемлекеттік комиссия отырысында келіссөздерге оң баға берілген.
«Енді жыл соңына қарай «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесі мен үкімет тарапынан оң шешім болады деп күтеміз», – деді Үкімет отырысында.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын өткен жылы тамызда сатылымға шығарған еді. Сол уақыттан бері бірнеше жеке инвесторды қарастырып көрді.
Осы жылы жазда Көлік министрі Марат Қарабаев компанияны вьетнамдық Sovico Group 2 млрд теңгеге сатып алуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол кезде сатып алу туралы мәміле қыркүйекте аяқталады деген еді. Инвесторға қойылатын басты талаптың бірі – әуе компанияның 38 млрд теңге көлеміндегі қарызын өтеуі керек. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның сөзінше, бұл қаржыға әуе тасымалдаушысы бес ұшақ алған.