Ақтау қаласында Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мемлекеттік комиссия мүшелерімен брифинг өткізді. Журналист Бозымбаевқа «Ұшақ корпусына оқтың ізі бар деген болжам айтылып жатыр, осы рас па?» деген сұрақ қойды.
– Әзірше алдын ала себебін анықтау мүмкін емес. Осы үшін келген мамандар бар. Олар жұмысты орындайды. Сонда түсінікті болады. Мен қазір ештеңе айта алмаймын. Адамдардың не жазып жатқанын қарадым… Ұшақ жерге құлап, аударылып түскенде, көп нәрсе болуы мүмкін еді. Сондықтан осы қазір қорытынды жасаудан аулақпын. Мамандар жұмыс істесін, – деді Бозымбаев.
Вице-премьер жұмыс тобы оқиғаның мән-жайын зерттегеннен кейін, толық мәлімет беретінін айтты.
– Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге сот-медициналық сарапшылар мен біздің авиациялық басқарманың сарапшылары келді. Олар әуе көлігіне қатысты оқиғаның мән-жайын зерттейді. Қылмыстық іс аясында жұмыс тобы деректер жинап, сараптама жүргізіп, борттың құлау себебін анықтайды, – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Көлік министрлігі Марат Қарабаев ұшақтың Қазақстанның әуе кеңістігіне сағат 11:02-де енгенін хабарлады. Сағат 11:28-де экипажбен байланыс үзілген.
Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақтан қара жәшік табылды. Тергеушілер жәшіктегі жазбаны тыңдап, іс материалдарына деректер жинайды.
Баку – Грозный бағытына ұшқан бортта барлығы 67 адам болған. Жолаушылардың 38-і қаза тапты. Экипаж құрамындағы бес адамның үшеуі тірі қалды. Екі ұшқыш мерт болды.
Айта кетейік, Қазақстанның алты азаматы көз жұмды.