2025 жылы қандай түс пен киімдер сәнде болады?

Жарияланды 4 Қаңтар 2025 10:20

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Mocha Mousse – 2025 жылы трендте болатын түс / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдың басты сәнді түсі анықталды. Америкалық  Pantone түс институты «Моко мусс» (Mocha Mousse) шоколадты түсін 2025 жылдың негізгі түсі ретінде таңдады. Осы түс трендте болады дегеннен-ақ сәнге құмар жандар кофе және шоколад түстес реңкті заттарды іздей бастаған. Ал киім жағына келер болсақ, жыл стиліне бұрынырақта болған сән үлгілері қайта трендке айналады. Ол қандай киім үлгілері, толығырақ Кursiv.media тілшісі әзірлеген шолудан танысып біле аласыздар.

Жылдың басты түсі

Pantone сарапшылары Mocha Mousse түсін фаворит ретінде таңдады, өйткені ол жылылық пен жайлылық және өзінің элеганттылығын сақтайды деп есептейді. Үйлесім мен жайлылыққа деген сұраныстың артуын негізге алған институт осы түсті басты тренд ретінде таңдаған. Mocha mousse түсі көбінесе «мусс мокко» деп аударылғанымен, «шоколадты мусс» немесе «кофе мусс» нұсқаларын да кездестіруге болады.

Фото: Pantone

«Біз  жылулық есіп тұратын, сезімтал әрі тыныштық сыйлайтын қоңыр реңкті таңдадық. Бұл түс жайлылық пен қарапайым заттан ләззат алуға деген ұмтылысты білдіреді»,-  деп мәлімдеді Pantone.

Pantone сарапшылары жыл түсі адамдарға ностальгия сыйлау арқылы көңілдерін серпілтеді деп пайымдайды. Қазірдің өзінде желі қолданушылары «моко мусс» реңіне қатысты түрлі мем әзілдер жасай бастаған. Мәселен, мектеп асханасындағы кофе түстес сусындардың трендке айналғанын айтып жатса, енді бірі ескі жиһаздармен және гүлді тұсқағаздармен жалға берілетін пәтерлердің суретін желіге жүктеп Pantone ұсынған трендке теңеген.

Фото: коллаж kursiv.media,

Қазақстандық дизайнерлер де сәнді киімдер трендтегі түске тікелей байланысты болатынын айтуда. Pantone таңдауы түскен Mocha Mousse түсі әмбебап екенін мәлімдейді. Яғни, базалық түс болып саналғандықтан, кез келген түстермен үйлесе береді. Десе де бұл түс өзінің белсенділігін бірнеше жыл бұрын қалыптастырып қойған.

Mocha mousse 2025 жылғы коллекцияларда…

Gucci, Fendi және Max Mara сияқты танымал сән брендтері Mocha Mousse түсін 2025 жылдың көктемгі коллекцияларына енгізіп үлгерген. Дизайнерлер бұл түсті шарап түстерімен, крем және алтын реңктерімен үйлестіруді ұсынады. Дизайнерлер Mocha Mousse түсі минималистік стильден бастап кэжуал, Old Money және Boho стильдеріне дейін бірдей жарасымды көрінеді деп санайды.

Фото: Pinterest

Жалпы дизайнерлер бұл түсті әртүрлі реңктермен үйлестіре беруге болады деп санайды. Әсіресе, бұл түс шарап, крем және алтын реңктерімен тамаша үйлеседі деген пайымда.

2025 жылы қандай киім сәнге кіреді?

2025 жылы сән стилі өзінің даму динакмикасын жоғалтпайды. Қабаттап кию — жылдың ең жарқын трендтерінің бірі болмақ. Мысалы, белдемше мен шалбарды немесе леггинстерді үйлестіріп кию, сондай-ақ көйлектің сыртынан трикотажды поло кию сияқты комбинациялар танымал болмақ. Мұндай тәсілдер обарздарға ерекшелік береді.

Оверсайз стилі де трендте қала береді. Бұдан бөлек дене пішінін ерекше көрсететін нәзік силуэттер де өзектілігін жоғалтпайды. Шашбау(бантик), кесте, мөлдір маталармен безендірілген көйлектер қайтадан сәнге айналады. Сонымен қатар 2025 жылы көлемді иықтары бар, белге қонымды костюмдер қайта оралуы мүмкін.

Фото: depositphotos.com

Ресми стильдің символы саналып келген жолақты реңктегі киімдер, жаңа көзқараспен  сәнге қайта оралады. Горизантальды, вертикальды және диагональды жолақтар образдарға сергектік пен контраст қосып, жаңа леп береді.

Аутдор- стиль: көшеден-кеңсеге

 Табиғатта серуендеу,спортпен айналысуға арналған аутдор стиліндегі киім үлгілері де 2025 жылы сәнде болады.    Күртеше, парка, плащь сынды киімдерді енді серуен үшін ғана емес, кеңседе  тіпті салтанатты кештерге де киіп баруға болады.  Стильдің мұндай үйлесімі қазіргі заманғы қала тұрғындары үшін өте қолайлы.

Талғамға талас жоқ…

2025 жылдың басты тренді — сән тенденцияларын өз стиліңізге бейімдеу. Мамандар ең маңыздысы өмір салтыңызды, дене пішініңізді және жайлылықты ескеру қажет деп кеңес береді. Трендтермен эксперимент жасаудан қорықпауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз