Енді телефоннан ақша аударғандардың бәрі салық төлей ме?
Whatsapp желісінде «1 қаңтардан бастап 3 ай ішінде 100 мобильді аударым жасаған барлық адам 6 айдан кейін салық төлейді» деген хабарлама тарап жүр. Шын мәнінде мобильді аударым жасағандар жаппай салық төлей ме?
2025 жылдан бастап мемлекет ақша аударымдарын бақылап отыратыны рас. Нақты айтқанда, банктер үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан 100-ден астам аударым алған қазақстандықтар жайлы мәліметті салық органдарына береді. Бірақ ол барлық азамат салық төлейді дегенді білдірмейді.
Егер сіз кәсіпкер болмасаңыз, атыңызда ЖК, ЖШС тіркелмеген болса, ары қарай туыстарыңызға, таныстарыңызға ақша аудара бересіз. Ол үшін салық төлеу қажет емес.
Салық органдары тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тауып отырған, бірақ мемлекетке тиісті салық төлемей отырған тұлғаларды ғана тексереді. Себебі бір тұлғаға 3 ай қатарынан 100 және одан да көп тұлғадан аударым түссе, кәсіпкер болуы мүмкін деген болжам бар.
Мобильді аударымдарды тексеру арқылы мемлекет көлеңкелі кәсіппен айналысып жүргендерді анықтауды мақсат етіп отыр. Уақытылы салық төлемегендерге қандай жаза қарастырылатыны мына жерде жазылған.