«Жібек жолы» бойымен арзан саяхат: бір сапарда төрт қаланы қалай аралауға болады?

Жарияланды 9 Қаңтар 2025 16:30

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
"Жібек жолы" бойымен арзан саяхат - тур пойыз
«Жібек жолы» тур пойызымен саяхат / Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан қалалар арасында Қазақстан мен Өзбекстандағы шаһарлар жақсы сақталып қалған. Осы тарихи аймақтарды аралап, қайту үшін қанша қаржы керек деп ойлайсыз? Бір сапарға шығып, Түркістан, Ташкент, Самарқан және Шымкент шаһарларын «Жібек жолы» пойызымен аралаудың тиімді тұсы қандай? 

"Жібек жолы" тур пойызымен саяхат / Фото: Туризм және спорт министрлігі
«Жібек жолы» тур пойызы / Фото: Туризм және спорт министрлігі

«Жібек жолы» тур пойызын кәдімгі мұхитта жүзетін круиз кемелермен салыстыруға болады. Күніне бір қалаға барып аралап, қызықты орындар мен тарихи ескерткіштерді көріп, дәм татып пойызға қайтып ораласыз. Пойызда жуынып, тынығып, ұйқыдан тұрғанда келесі қалаға, тіпті мемлекетке аяқ басасыз.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі / Түркістан / Фото: Ақниет Төленді
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі / Түркістан / Фото: Ақниет Төленді

Пойыз қаңтар айының 2 жұлдызында Алматыдан жолға шығып, 3 қаңтарда таңертең Түркістанға жетті. Қалаға келгеннен кейін тур оператор күтіп алып, гидпен бірге тарихи ескерткіштерді аралауға болады.

Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі / Түркістан қаласы / Фото: Ақниет Төленді
Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі / Түркістан қаласы / Фото: Ақниет Төленді

Мұнда көне Отырар қаласына, Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне баруға болады. Таңғы, түскі және кешкі асты дәстүрлі қазақ мейрамханасынан ішесіз.

Ташкенттегі ірі жер сілкінісі құрбандарына арналған ескерткіш / Фото Бекжан Байгенжеев
Ташкенттегі ірі жер сілкінісі құрбандарына арналған ескерткіш / Фото Бекжан Байгенжеев

Кешке Түркістаннан пойызға отырып, таңертең Ташкентте боласыз. Қала қазақ-өзбек халықтарының тарихы біте қайнасып жатқанының айғағы бола алады. Екі халықтың тарихында Қарлығаш би атымен белгілі Төле бидің мазары басты дәлелдердің бірі.

Magic City / Ташкент / Фото Бекжан Байгенжеев
Magic City / Ташкент / Фото Бекжан Байгенжеев

Ташкенттен жолға шыққан пойыз Самарқанға аттанып, бір күн бойы қаланы аралау мүмкіндігі болады. Әмір Темір кесенесі, Бибі ханым кесенесі мен Регистан алаңын аралап, орта ғасырдағы сәулет өнерінің ғажап үлгілерін көре аласыз. Әйгілі Сияб базарына соғып, сарқыт алып та үлгересің.

Самарқаннан кейін пойыз Шымкентке жол тартып, қаладағы мұражайларды аралау мүмкіндігі болады. Сол күні кешке Алматыға қайта ораласыз.

Регистан алаңындағы ғимарат / Самарқан / Фото: Ақниет Төленді
Регистан алаңы / Самарқан / Фото: Ақниет Төленді

Турдың бағасы 190 мың теңге, билет құнына пойызбен жүру, қалалардағы гид қызметі, мұражайларға билет, автобуспен жүру, түскі және кешкі ас кіреді. Өзіңіз баратын тарихи-туристік орындардың тізімін алдын ала көріп, тур-оператормен байланысып, қосымша өтініштер айтуға болады.

Келесі пойыз Наурыз мерекесі қарсаңында жолға шықпақ. Билеттерді алдын ала ақпан айының ортасында алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз