Қазақстанда жемқорларға елден кетуге тыйым салынуы ықтимал. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осындай талап енгізуді сұрады. Оның пікірінше, қазіргі кезде мұндай шектеулер қатардағы азаматтарға да салынып отыр.
Депутат офшорлардың Қазақстан үшін үлкен мәселеге айналып отырғанын алға тартқан.
«Жемқорлар ақшасын офшор аймақтарға шығарады. Сосын ол ақшаны табу мүмкін болмайды. Біздің органдар, ҚМА-ның өзі де ол жақта елдің қанша ақшасы бар екенін білмейді. Бұл жолдастар ұсталарын біле отырып, тәуекелге барады. Сотталғанымен, шартты түрде бостандыққа шығады немесе айыппұл төлеп құтылады. Сосын адал жолмен ешқашан таба алмайтын миллиардтарына кетеді», – деді депутат.
Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы 2017 жылы жемқорларға шетелге шығуға заңмен тыйым салуды ұсыныпты. Бірақ Бас прокуратурадан басқа ешкім қолдамаған. Депутат енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен қолдау күтіп отыр.
«Біз кез келген норманы қарастыруымыз керек. Қажеттілік болса, қолдаймыз және енгіземіз. Бірақ шешім басқа органдармен талқылауды және келісуді талап етеді», – деп жауап берді Ұлан Сарқұлов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
Сарқұлов бекітілген рәсімдер шеңберінде бұл мәселенің талқыланатынын айтты.