Ай «жойылу қаупі бар» мәдени мұралар тізіміне енді

Жарияланды 17 Қаңтар 2025 10:00

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ай «жойылу қаупі бар» мәдени мұралар тізіміне енді / фото: world monuments fund

Дүниежүзілік ескерткіштер қоры (WMF) алғаш рет Айды жойылып бара жатқан мәдени мұралар тізіміне қосты. Бұл шешім Айға жасалып жатқан миссиялардың және коммерциялық ұшулардың белсенділігі артуынан туындаған қауіптерге байланысты қабылданды.

WMF ұйымының мәліметінше, Айдағы алғашқы қонулардан қалған артефактілер – астронавтардың іздері, адамның Ай бетіне алғаш қадам басқан сәтін түсірген камера, Нил Армстронг пен Базз Олдрин қалдырған естелік диск – адамзат тарихының маңызды бөлігі.

Алайда халықаралық қорғау механизмдерінің болмауы бұл жәдігерлердің бүлінуіне немесе жойылуына әкелуі мүмкін.

Бұл қауіп, әсіресе, Айды зерттеу қарқын алғасын күшейіп отыр. Мысалы, NASA 2027 жылы Artemis III бағдарламасы аясында Айға экипаж жіберуді жоспарлап отыр. Бұл 1970 жылдардан бері адамдардың Айға алғашқы қонуы болмақ. Бұдан кейін Айға коммерциялық ұшулар да басталуы мүмкін. WMF пікірінше, бұл тарихи мұраларға қауіп-қатерді арттырады.

Осыған байланысты Дүниежүзілік ескерткіштер қоры болашақ ұрпақ үшін бұл мұраларды сақтап қалуға көмектесетін шараларды әзірлеуге шақырды.

WMF жаңа тізіміне табиғи апаттар мен қақтығыстардан зардап шеккен басқа да тарихи орындар енді. Олардың арасында Түркияның Антакия қаласы мен Жапонияның Ното түбегі, сондай-ақ Газадағы және Украинадағы мәдени ескерткіштер бар.

Сондай-ақ оқыңыз