22 қаңтарда Алматы әуежайынан Астанаға ұшуы тиіс болған бірнеше рейс ауа райына байланысты кейінге қалдырылды. Бұл туралы әуежайдың сайтындағы ұшу-қону кестесінде жазылған.
Қазіргі ақпаратқа сүйенсек, Air Astana компаниясының екі рейсі, біреуі 3 сағатқа, біреуі 1 сағатқа, Fly Arystan компаниясының рейсі 25 минутқа кешіктірілген. Әуежайдың баспасөз қызметі жағдайға ауа райының әсер етіп жатқанын хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы ауа райының нашарлауына байланысты әуежайдың өндірістік қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Қардың қарқынды жаууына орай ұшақтарға мұздануға қарсы өңдеу қызметтерін көрсетуге шектеулер енгізілді», – делінген хабарламада.
Әуежай ақпаратына сүйенсек, қазір рейстердің кешігуін азайту және операциялар тәртібін қалпына келтіру үшін қажетті шаралар жасалып жатыр.
Рейстерді қазіргі жағдайы, кешігуі туралы әуежайдың сайтындағы ұшу-қону ақпараттарынан көруге болады.
Айта кетейік, 22 қаңтарда елдегі ауа райына байланысты 15 облыстағы жол қозғалысына шектеу енгізілді.