Қазақстанның ескірген жылу-электр желілерін жаңғыртуға зейнетақы қорының қаржысы да жұмсалады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор АХтам Зиперов

Қазақстандағы электр желілерінің 70%-ы, жылу құбырларының 50%-ы тозып тұр. Оларды жаңғыртуға кемі 13 трлн теңге қажет. Үкімет ескірген электр желілерді жаңғыртуға зейнетақы қорынан да ақша алады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте вице-министр Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Бозымбаев қордан алынған қаржы уақтылы қайтатынына сенімді.

«Әртүрлі көздерден қаржы тартылатын болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан да. Инфрақұрылым саласы – салынған қаржы қайтатын сенімді бағыт. Тәуекелі төмен актив. Зейнетақы қорынан алынатын қаржы көлемі І жартыжылдықтан кейін белгілі болады», – деді ол.

БЖЗҚ-дан қанша қаржы алынады?

Әзірге қазақстандықтардың зейнетақы активтерінен қанша қаржы электр желілерін жаңғыртуға жұмсалатыны белгісіз.

«Алдымен осы жобаға қатысып жатқан монополист компанияларлар өз инвестициялық бағдарламасын әзірлейді. Біз оны тексеріп, мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Сол кезде ғана нақты қанша қаржы керек екені белгілі болады. Содан кейін БЖЗҚ, банктер, шетел қаржы ұйымдарынан алынатын көлемі белгілі болады», – деді Бозымбаев.

Үкімет энергетика мен коммуналдық саланы жаңғырту мақсатында ұлттық жобаны қолға алды.

Электр желілерінің жағдайы нашар

Қазақстандағы электр желілерінің ұзындығы шамамен 470 мың шақырымды құрайды. Оның 27 мың шақырымы – ұлттық маңызы бар желілер. Осы желідердің 70%-ы тозып кеткен.

Ал ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 2,7 трлн теңге 77,5 мың км электр желілерін жаңғырту көзделген. Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асса, желідердің тозу көрсеткіші 456 пайызға дейін төмендейді.

Жылу құбырларының да жағдайы мәз емес

Елдегі жылу құбырларының жалпы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды. Олардың 53%-ның жағдайы нашар. Жоба аясында 1622 км құбыр жөнделеді. Оған 1,6 трлн теңге қажет. Оның 319 млрд теңгесі-субсидия.

Ұлттық жобаға бүкіл ел бойынша 67 жылу тасымалдаушы субъект қатысады. Нәтижесінде жылу құбырлары 10%-ға жаңарады.

Жаңа қуаттарды енгізу жоспарланған.

2029 жылға қарай жиынтық көлемде 7,3 ГВт қосымша генерациялау көздерін енгізу жоспарланған. Оған салынатын инвестиция 6,2 трлн теңгеге жетпек.
2029 жылға дейін 29 жоба аяқталып, бұл электр станцияларының орташа тозуын 17% – ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз