Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Тоқаевқа есеп берді
Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ақордаға барып, Тоқаевқа былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытынды есебін берді.
Оның мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқан, яғни 8,6% пайызды құраған. Сондай-ақ Ұлттық қордың активтері, алтын-валюта резервтері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жай-күйі жөнінде ақпарат берді.
«2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард долларды құраған. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған», – деп жазылған Сүлейменов есебінде.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңге құрағанын айтты. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8%-ға жеткен.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуге қатысты Ұлттық банкке бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұған дейін Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг өткізіп, теңгеге қысымды азайту үшін жаңа өзгеріс енгізетінін хабарлады. Енді реттеуші ішкі нарықтағы алтынды теңгеге сатып алып, оны шетелдік нарыққа сатудан түскен долларды қайта ішкі нарыққа әкелетін болды.