Үкімет «KazSat-3» спутнигін ауыстыру үшін ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру» бойынша жобалау алдындағы жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты.
Бектеновтің сөзінше, қазіргі уақытта «KazSat-3R» жобасын жасауда түрлі еуропалық және азиялық ғарыш техникасын өндіруші компаниялардың техникалық-коммерциялық ұсыныстары қаралып жатыр. Олардың негізінде инвестициялық ұсыныс жасалып, экономикалық сараптамадан өтуде.
«KazSat-3»-ті алмастыратын спутиниктің ықтималды құны 87,2 млрд теңгені құрайды. Оның 40,3 млрд теңгесі республикалық бюджет есебінен, 46,9 млрд теңгесі «РҒБО» АҚ меншікті қаражаты есебінен жұмсалмақ.
Үкімет басшысы бұл сома спутниктік байланыс арналары мен теле-радио хабарларын тарату қажеттілігін ескере отырып, жобаның инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тиімділігі үшін жеткілікті екенін айтады.
Экономикалық сараптамадан өту қорытындысы бойынша бас мердігер өндірушіні таңдайды. Мердігер ең үздік техникалық шешімдер мен экономикалық орындылықты ескеріліп, конкурс негізінде таңдалмақ.
Айта кетейік, Қазақстан 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ 3 жылда ғарыш саласын дамытуға 2,8 млрд теңге жұмсалуы мүмкін.