Үкімет зейнетақы қорындағы қаржыны жұмсау жолдарын қарастырып жатыр
Қазақстандықтардың Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорында жинақталған қаржысы нарықтық шарттармен стратегиялық маңызды жобаларға жұмсалуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берді.
«Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақ мерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады», – деді Тоқаев.
Өйткені бизнестің кепілге қоятын мүлкі жоқ.
«Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек», – деді.
Биыл Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасын қолға алды. Бағдарлама аясында 70%-ы тозып тұрған электр желілері мен 50%-ға ескірген жылу құбырлары жаңғыртылмақ.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 13 трлн теңге қаржы қажет. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өткен брифингте энергетика мен коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға БЖЗҚ қаржысы да жұмсалатынын айтқан.
Әзірге бұл жобаларды қаржыландыруға зейнетақы қорынан қанша қаржы инвестиция ретінде құйылатыны белгісіз.