Димаш Virtuosos жобасының жарнамасында өзінің суреті болмағанына «ренішін білдірді»

Жарияланды 30 Қаңтар 2025 15:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Димаш Құдайберген Virtuosos жобасына ренішін білдірді / фото: dimashnews.com

Әйгілі опера әншісі, маэстро Пласидо Доминго ұйымдастырған Virtuosos таланттар шоуының түсіріліміне Димаш Құдайберген әділқазылар құрамына шақырылған. Шоу барысында қазақстандық әнші жобаның жарнамасында «менің суретім қайда?» деп қалжыңдады.

«Біз шоуымыздың екінші күнін түсіріп жатырмыз. Шақырғандарыңызға рақмет. Бұл – талантты жастарды тамашалау үшін үлкен мәртебе. Бірақ менің бір сұрағым бар – мұнда Хаусердің (хорват виолончелист – ред.) постері тұр. Ал менің постерім қайда?» – деп әзілдеді Димаш.

Бұл сұраққа ұйымдастырушы: «Кешіріңіз, біз оны ертең орнатамыз», – деп жауап берді. Қазақстанның халық әртісі бұл сәтті одан әрі әсерлі ету үшін:

«Уайымдамаңыздар, бұл жай ғана әзіл! Жүрекке тым жақын алмаңыздар», – деп күлді.

Димаштың бұл әрекеті жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, шоуға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан Virtuosos жобасына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып жатыр. Бұл – классикалық музыка жанрындағы жас таланттардың байқауы.

Байқауда Венгрия, Аустрия, Словения, Сербия және Черногория елдерінен келген дарынды музыканттар бақ сынайды.

Сондай-ақ оқыңыз