Ағылшын футболының аңызы Сол Кэмпбелл Digital Almaty 2025 форумында Челсиге ауысқан қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаев жайлы пікір білдірді.
Кэмпбелл жасанды интеллекттің футболдағы рөлі, скаутинг, жас таланттарды табу және Африкадағы жаңа жобасы туралы қазақстандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізеді.
Сол Кэмпбелл өзбек футболшысы Абдуқодир Хусановтың «Манчестер Ситиге» және қазақстандық Дастан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуына пікір білдірді:
Бұл – ағылшын премьер-лигасының Орталық Азия футболына қызығушылығы артқанын көрсетеді. Егер қазақстандық ойыншылар кәсіби түрде дамуды жалғастырса, АПЛ мен Еуропаға жол ашылады, — деді Кэмпбелл.
Сондай-ақ, Дастан Сәтпаевты Челси футбол клубы қалай таңдады деген сұраққа жауап берді. Кэмпбеллдің айтуынша:
«Футбол клубтары әдетте видео бейне арқылы әлемнің түкпір-түкіпірінен жас футболшыларды бақылайды. Сосын көңілден шыққан футболшыларды толығырақ зерттеу үшін өзінің скауттарын (футбол агенттері) жібереді. Дастанды да Челси футбол клубы осылай тапқан болуы керек»
Футболдағы жасанды интеллект
Сонымен қатар, Кэмпбеллдің айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) футболды дамытуда үлкен рөл атқарады. ЖИ көмегімен:
- Ойыншылардың статистикасы мен деректері талданады.
- Әлсіз және мықты жақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
- Бапкерлердің шешім қабылдауын жеңілдетеді.
Кэмпбелл және «Қайрат»
Сол Кэмпбел Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқ. Экс-футболшы бұған дейін де Алматыға келгенін және «Қайрат» клубының базасын жоғары бағалағанын айтты. Клуб президентімен ынтымақтастық туралы сөйлескен, бірақ әртүрлі себептермен келісімге келе алмаған.
Қазақстандық футбол айтарлықтай дамып келеді. Өткен жолы келгенімде «Қайрат» футбол клубының базасында болдым. Бұндай футбол базасы Еуропадағы футбол орталықтарынан кем емес екенін айтқан едім. Бастысы – жүйелі даму мен таланттарды қолдау, — деп түйіндеді Кэмпбелл.
Еске сала кетейік, қазақстандық 16 жасар Дастан Сәтпаев 4,3 млн еуроға «Қайрат» сапынан ағылшындық «Челсиге» ауысқан еді. Алайда келісімшарт 2026 жылдың тамыз айында – ойыншы 18-ге толған кезде ғана күшіне енбек.