Haval, Geely, Chery, Changan секілді Қытай көліктерінің Қазақстан нарығындағы ойып тұрып орын алғаны құпия емес. Әрине, мұндай жайлы жапондық немесе еуропалық көлік екі есе қымбат тұрады. Қытай көліктерін сатып алып, мініп жүрген жүргізушілер KursivMedia-ға көліктің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікір білдірді.
Көлік иелері не дейді?
Аталған қытай көліктерінің ішінде қазақстандықтар Geely-ді сенімдірік деп біледі екен. Қытай нарығындағы ұзақ жылдық тәжірибесімен қатар, Қазақстан нарығына ертерек келгені де бұған түрткі болса керек. Жаңа келіп жатқан Changan автокөліктері әлі сенім ұялатпай отырғаны байқалады. Бұл көлік әлі өзінің артықшылықтарын қазақстандықтарға дәлелдеуі қажет.
Haval, Geely, Chery, Changan Қытай көліктерінің иелерінен алынған сауал қорытындысы бойынша, олардың мынадай ортақ сипаты анықталып отыр.
Пікірлерді екшеп, түйінін берсек, мазмұны мынаған саяды:
Жақсы тұстары: баға, жайлылық, ыңғайлылық, үнемділік, жетілген қауіпсіздік жүйелері және отбасылық саяхатқа қолайлылығы.
Кемшін тұстары: қосалқы бөлшектердің тапшылығы, материалдарының сапасы, көп ұзамай құнын жоғалту ықтималдығы және тауға, өрге шығудың ауырлық тудыруы.
Қандай шағым бар?
«Көлікті сатып алғаныма екі жыл болды. Содан бері тек қана майын ауыстырдым. Басқа техникалық ақау кездескен емес. Бірде жанармай құйған кезде датчик көрсетпей қалғаны бар. Бірақ артынша бәрі қалпына келді», – дейді Chery Tiggo 8 Pro көлігінің жүргізушісі Арман Шынтаев.
Haval, Geely, Chery, Changan секілді Қытай көліктерінің жайлығы көп жүргізушілердің көңілінен шығып отыр.
«360 градусты көрсете алатын камерасы бар. Адам мұндай жайлы нәрселерге тез үйренеді. Бұдан кейін басқа көлік алсаң, біртүрлі болып қалады екенсің», – дейді көлік жүргізушісі.
Қытай көліктерін ұнайтпайтындардың басты тағар айыптарының бірі – қосалқы бөлшектердің тапшылығы. Алайда қытайлық автоөнеркәсібінің жақтастары бұл мәселе жаңа үлгідегі кез келген еуропалық немесе жапондық көліктерге де тән екенін алға тартып отыр.
«Бірақ бір жылдан соң, моторын ауыстырып жатқан таныстарым да бар. Зауыттан кеткен олқылықтар бәрінде болады. Сапасына қатысты күдік менде де болды. Тез бұзылып, жолда қалып қоямын ба деп қорықтым. Бірақ әзірге бәрі жақсы», – дейді Арман.
Ұзақ жолдарға жиі шығатынын, әзірге жолда қалдырмағанын айтады ол.
Құнын тез жоғалта ма?
Ұзақ жылдар көлік сатумен айналысып келе жатқан Дәурен Бекбол Қытай көліктерінің сапасына көңілі толмайды. Оның пікірінше, Қытайда құрастырылған көліктердің салондары арзан материалдардан тұрады. Соның ішінде Haval, Geely, Chery, Changan көліктері де бар.
«Мойындау қажет, арзан Қытай көліктерінің артықшылығы бар. Онда барлық жайлылықты қамтамасыз ететін дүниелерді салып тастаған. Круиз, 360 камера, былғары, желдеткіш, орындықты қыздыру жүйесі және тағысын тағылар. Бірақ бәрі арзан дүниелер», – дейді автодиллер.
Оның сөзіне қарағанда, Haval, Geely, Chery, Changan секілді қытай көліктерінің сапасына қатысты күдік болғанмен, нақты кемшіліктері әлі нақты анықталған жоқ. Ол жағын уақыт көрсетеді.
«Бұл көліктердің ел нарығына келгеніне көп болмады. Бірақ халық ескі көлік мінуден гөрі жаңа мәшинені артық көреді. Иелеріне 7-8 жыл жақсы қызмет көрсетуі де мүмкін», – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, қытай көліктерінің құнын сақтап тұруы қиындау. Ал Еуропа және жапон көліктерін алған көңіліңнен шығатын бағаға қайта сата аласың. Десе де, мінілген қытай көліктері әлі нарыққа шыққан жоқ. Бір-екі жылдан кейін ғана бұл автолардың екінші иелері пайда болады.
Ұлы авто жолы
Соңғы кездері Қытай көліктері Қазақстанның автосалондарда ыстық бәліштей сатылып жатыр. Бас сұғып, қызығушылық танытсаңыз, айналдырған бір-екі сағаттың ішінде су жаңа көліктің құжатын рәсімдеп жатқан төрт-бес адамды көруге болады. Әлі кесімді шешім шығармай, таңдап жүргендердің қарасы тіпті де көп.
Қорғас маңында әр жерлерде су жаңа Қытай көліктері отар қойша үйіріліп тұрғаны, өте көптігі де таңырқатады. Жол бойы күн ұзын Haval, Geely, Chery, Changan және басқа да көліктерін тиеген жүк көліктерінің легі Шығыстан Батысқа қарай үздіксіз жөнкіліп жатыр. Мұншама көлік Қазақстан нарығы үшін тым көп екенін аңғару қиын емес. Қытай көліктері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және басқа да елдерде де танымалдыққа ие болып отыр.
Алғашқы кезде Ресейге жеткізіп берген қазақстандық жүк көлік жүргізушілеріне 1,5 миллион теңге ақы ұсынылған. Бұл қомақты қаражат тасымалдаушылардың санының өсуіне әкеп соқты. Сұраныс көп жерде бағаның төмендейтіні заңдылық. Қазір бір сапар үшін 1 миллион теңгенің арғы-бергі жағында төленеді екен.
Мұның алдында Қытай автоөндірісінің неліктен қарқынды дамығаны жайында толық ақпарат жарияланған еді.