
Миллардер Владимир Ким және Олег Новачукқа тиесілі KAZ Minerals компаниясы 2024 жылы кен өңдеу көлемін 6%-ға арттырып, 96,5 млн тоннаға жеткізді. Бұл – компания үшін рекордтық көрсеткіш. Алайда өндірілген мыс, алтын, күміс және мырыш көлемі төмендеген.
Мыс өндірісі төмендеді
Мыс өндірісі 2024 жылы 5,7%-ға қысқарып, 380 мың тоннаны құрады. Төртінші тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш 3,3%-ға азайған. Бұған кендегі металдың азаюы себеп болғанымен, өңдеу қуаттылығы артқан.
Ақтоғай кен орнындағы мыс өндірісі жылдық көрсеткіште 9%-ға азайып, 228,8 мың тоннаны құрады. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда төмен нәтиже. 2023 жылы кен орнында 252,4 мың тонна мыс өндірілген. Негізгі себеп – сульфидті фабрикаларда өңделетін кендегі мыс мөлшерінің азаюы. Кендегі мыс үлесі 0,07 пайыздық тармаққа азайып, 0,43%-ды құрады. Егер компания өңдеу қуаттылығын арттырмағанда, өндіріс көлемі одан да төмен болар еді.
Бозшакөл, Бозымшақ және Шығыс кен орындарындағы өндіріс көлемі тұрақты деңгейде қалған. Мысалы, Бозшакөлде 104,7 мың тонна мыс, Бозымшақ пен Шығыс өңірдегі кен орындарында 46,4 мың тонна мыс өндірілді.
Сатылған мыс көлемі артты
Компания сатқан мыс көлемі өндірілген кеннен 2%-ға артық болып, 387 мың тоннаны құрады. Бұған жылдың басында тасымалданған материалдардың сатылуы әсер етті.
2024 жылы кен құрамында металл мөлшері аз кен учаскелер өңделуі себепті:
- Алтын өндірісі – 10%-ға азайып, 145,8 мың унция болды.
- Күміс өндірісі – 7%-ға төмендеп, 3,7 млн унция болды.
- Мырыш өндірісі – 16,7%-ға азайып, 42,8 мың тоннаны құраған.
Күміс пен мырыш өндірісі тоқсаннан-тоқсанға өскенімен, алтын өндірісі аздап қысқарды.
2025 жылдан бастап жаңа жобалар іске асады
Ақпан айының басында KAZ Minerals Bozshakol 2025–2029 жылдар аралығында Солтүстік кен орнынан 6,076 млн тонна құрылыс материалдарын өндіруді жоспарлап отырғанын хабарлады.
KAZ Minerals – Владимир Кимге (63,5%) және Олег Новачукқа (36,5%) тиесілі ірі мыс өндіруші компания. Компания Ақтоғай, Орловский, Бозшакөл, Бозымшақ және Шығыс Қазақстандағы екі кен орнында жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Компания акцияларының 63,5%-на иелік ететін Владимир Ким – 3,6 млрд доллар байлығымен Forbes тізімінде көш басында тұрған кәсіпкерлердің бірі. Ал акциялардың 36,5%-на иелік ететін Олег Новачуктың байлығы 265 млн долларды құрайды.