Нұрәли Әлиев «Транстелекомнан» миллиардтаған дивиденд алды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Миллионер Нұрәли Әлиев «Транстелекомнан» дивиденд алды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

«Транстелеком» компаниясы акционерлеріне шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Мәліметті Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялады. Компанияның ірі акционері – Нұрәли Әлиев.

Қызметтен кетіп, дивиденд алды

Мәліметтерге қарағанда, 2023 жылға арналған дивиденд биыл 31 қаңтарда төленсе, шешім содан төрт күн бұрын акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған.

«Транстелеком» АҚ акцияларының 75%-ы «Unit Telecom» компаниясына, қалған 25%-ы «Самұрық-Қазынаға» қарасты «Қазақстан темір жолына» тиесілі.

2025 жылғы 13 ақпандағы мәлімет бойынша, «Unit Telecom» компаниясының құрылтайшылары: Нұрәли Әлиев пен Дмитрий Покупателев. Осы екеуі «Транстелекомның» түпкілікті бақылаушы акционерлері саналады.

Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын ғана Нұрәли Әлиев «Транстелеком» директорлар кеңесінің басқар төрағасы қызметінен кететінін Instagram әлеуметтік желісіндегі парағына жазған. Оның орнына Дмитрий Покупателев келгені мәлім болды.

Бірнеше компаниясы бар

Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев «Транстелеком» президенті қызметіне 2013 жылы келген. Ал 2019 жылы компания акцияларының 75%-ын Нұрәлиге тиесілі «Unit Telecom» сатып алған.

40 жастағы Нұрәли Әлиевтің 220 млн доллары бар (Forbes.kz нұсқасы бойынша). Экс-сенатор Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің ұлына Capital Holding пен Darmen Holding компаниялары да тиесілі. Бұған қоса Нұрәлидің Дубай мен Алматыда Donatello Hotels and Resorts қонақүйлері, сонымен бірге Алматы мен Астанада бірнеше мейрамханасы бар.

Сондай-ақ оқыңыз