TikTok желісінде алаяқтардан қалай сақтануға болады

Жарияланды 17 Ақпан 2025 15:22

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
TikTok желісінде алаяқтардан қалай сақтануға болады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылы TikTok Қазақстанда ережелерді бұзғаны үшін 6,5 миллионнан астам видеоны өшірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Оның 95%-ы қолданушылар шағым түсірмей тұрып жойылған, ал 80%-ын ешкім көріп үлгермеген. Мұндай қатаң модерацияның мақсаты – қауымдастықты қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

TikTok-та қандай контент бұғатталады?

TikTok-тың негізгі қауіпсіздік санаттарына мыналар кіреді:

  • Зиянды әдеттерді насихаттау – есірткі, алкоголь, темекі өнімдері туралы заңсыз жарнама;
  • Өшпенділік және дискриминация – нәсілдік, ұлттық, жыныстық және басқа да кемсітушілік көріністері;
  • Өмірге қауіп төндіретін контент – өзін-өзі зақымдау, қауіпті челлендждер, зорлық-зомбылықты насихаттау;
  • Жалған ақпарат – қолданушыларды адастыратын және зиян келтіруі мүмкін фейктер.

Кейбір қолданушылар модерацияны әділетсіз деп қабылдауы мүмкін. Алайда TikTok қауіпсіздікті бірінші орынға қояды. Платформада ереже бұзған контент өшірілгенде, авторға бұл туралы хабар беріледі және ол шешімге шағымдана алады.

TikTok балалардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді?

TikTok-та 13 жасқа дейінгі балаларға тіркелуге тыйым салынған. 2024 жылы Қазақстанда 13 жасқа толмаған 1,9 млн аккаунт анықталып жойылды. Ал 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған арнайы шектеулер бар:

  • 16 жасқа дейінгі қолданушылар видео жүктей алмайды және дуэт жасай алмайды.
  • 18 жасқа дейінгі қолданушыларға сыйлықтар алу және тікелей эфир жүргізу мүмкіндігі берілмейді.
  • «Ойлану режимі» функциясы экран уақытын бақылауға көмектеседі.
  • Ата-аналар үшін «Отбасылық бақылау» құралы бар, бұл арқылы балаға қандай контент көруге болатынын шектеуге және оның хат-хабарын бақылауға болады.

Алаяқтардан қалай сақтануға болады?

TikTok-та түрлі алаяқтар белсенді әрекет етеді. Олар көбінесе: жалған байқаулар мен ұтыстар ұйымдастырады. Бөтен аккаунттарға қол жеткізу үшін фишингтік сілтемелер жібереді. Қолданушылардан жеке мәліметтерін сұрайды.

Өзіңізді қорғау үшін:

1. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және жеке ақпаратты ешкімге жібермеңіз.
2. Бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қараңыз.
3. TikTok-тың қауіпсіздік параметрлерін баптаңыз – аккаунтыңызды жеке режимге қойып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
4. Алаяқтық әрекет туралы TikTok-қа хабарлаңыз – күдікті аккаунттарды немесе хабарламаларды белгілеңіз.

TikTok-тың Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қауіпсіздік және тұтастықты қамтамасыз ету жөніндегі жетекшісі Валдис Балоди-Болужс:

«Біздің басты мақсатымыз – қауымдастықтың қауіпсіздігін сақтау. Қолданушылардың жеке деректерін қорғап, зиянды контенттің таралуына жол бермеу үшін үздіксіз жұмыс істейміз. Әрбір адам TikTok-та өзін жайлы және қорғалған сезінуі керек»,– деді.

Сондай-ақ оқыңыз