
Алты айға ресми айтыстардан шеттетілген айтыскер ақын Мақсат Ақанов тойда өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Мақсат Ақановтың тойда домбыра ұстап, өлең айтып отырғанын көруге болады. Жарияланған жазбада ақынның өнер көрсетуінен үзінді берілген.
Еске салайық, бұған дейін Мақсат Ақанов Маңғыстау облысының Шайыр ауылында өткен айтыстан кейін сынға қалған. Әлеуметтік желіде оның сахнадағы сөздері мен әрекеті қызу талқыланды. Кейін айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтай ақынға қатысты шешімді жариялады.
Одақ шешімі бойынша Мақсат Ақанов алты ай бойы ұйым өткізетін ресми айтыстар мен басқа да шараларға қатысу құқығынан айырылған. Аманжол Әлтай Шайыр ауылындағы даулы айтыстың өзі де Одақтың ресми жоспарына кірмегенін, оны жеке кәсіпкерлер мен демеушілер ұйымдастырғанын айтқан.