Дональд Трамп АҚШ-та ұлттық әл-ауқат қорын құрмақшы

Жарияланды
Дональд Трамп
Дональд Трамп ұлттық әл-ауқат қорын құрады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамп қаржы және сауда министрліктеріне америкалық әл-ауқат қорын құру туралы тапсырма берді. Ведомстволар алдағы үш ай ішінде қорландыру көздері, инвестиция стратегиясы және қорды басқару моделі бойынша жоспар дайындауы керек.

Трамп әкімшілігінің мәліметіне сенсек, елдің 23 штатында жалпы капиталы 332 млрд доллар болатын қорлар жұмыс істейді. Аляска, Техас, Ньюс-Мексикодағы қорлар табиғи ресурстардан түскен табысты басқарады.

Бірақ федералды деңгейінде АҚШ бюджетінің тапшылығы 2 трлн долларды (2024 жыл) құрайды. Ал мемлекеттік қарыз 36 трлн доллардан асады. «Мұндай жағдайда жаңа ұлттық қор құру туралы мәселе күмәнді»,– дейді нарық сарапшылары.

Трампқа әл-ауқат қоры не үшін керек?

Дональд Трамп қор жайлы сөзінде «мұндай қормен көп нәрсе жасай аламыз» деген уәде берген еді. Holland & Knight сарапшыларының түсіндіруінше, аталған қорлар бірнеше мақсатты көздейді:

  • шикізат бағасының ауытқуларынан экономиканы қорғау және тұрақтандыру
  • болашақ ұрпақ үшін қаржылай резерв құру
  • әртараптандырылған инвестициялар жасайды, сол арқылы қазына бір табыс көзіне байланбайды
  • ұлттық мүдде үшін стратегиялық жағынан маңызды болатын активтер иелену

Мамандар Трамптың жоспарында экономикалық, саяси және стратегиялық мақсат та бар дегенді айтады. Экономикалық жағынан табыс көздерін әртараптандырып, АҚШ-қа қосымша инвестиция тарту көзі. Мұндай қорлар «нарықтың шамасы жетпей қалған жерде» жақсы көмектеседі. Жеке инвесторлар инвестиция салуға дайын емес секторларға немесе әлеуметтік маңызды жобаларды осы қор арқылы қаржыландыруға болады.

Қор қаржысы қайдан жиналады?

Ақ үйдің дерегінше, АҚШ үкіметінің «қор арқылы инвестициялауға болатын үлкен сомадағы активі бар». Оның көлемі 5,7 трлн долларға жетеді. Ал егер «табиғи ресурстар қорын» ескеретін болсақ, қаржы «әлдеқайда көп болуы мүмкін».

Дегенмен де Трамп айтқан қорға қаржы қайдан келетіні белгісіз. Бұған дейін Америка президенті қорға импорттық тарифтен түсетін табысты салуға болады деген еді. Мамандар бұл институтты қаржыландырудың үш көзі бар екенін айтады. Олар:

  • нарықтан қарыз алу
  • америкалық мемлекеттік активті сату
  • салық пен тарифтен түсетін табыс

Трамп құрғысы келетін қор Қазақстандағы Ұлттық қорға ұқсас па?

Трамп жоспарлаған ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанда осыдан 17 жыл бұрын құрылған. АҚШ-та айтылып жатқан қордан айырмашылығы – Ұлттық қордың қаржыландыру көзі бірден белгілі болды. Ол – табиғи ресурстар.

2008 жылы Назарбаев мұнай сатудан түскен табысты болашақ ұрпақ үшін арнайы қорға жинауды тапсырды. Жаңа институт экономиканы мұнай бағасының ауытқуынан қорғап, келешекке жинақ қалыптастыру мақсатында жұмыс істеуі керек еді.

Бірақ соңғы жылдары Ұлттық қордағы қаражат бюджет тапшылығын жабу үшін пайдаланады. Тіпті сарапшылар қордың көмегінсіз бюджетті теңестіру мүмкін емес деген пікір айтады. Сондықтан мамандар Ұлттық қордағы активтердің басқарылуына күмәнмен қарайды. Осы айда премьер-министр Олжас Бектенов тура осылай жалғаса берсе, 2035-2036 жылдарға  қарай Ұлттық қор сарқылады деген еді.

Сондай-ақ оқыңыз