«Альфа-банктың» бұрынғы топ-менеджерлері Bereke Bank-тың директорлар кеңесіне кірді

Бұрынғы «Альфа-Банк Қазақстан» басқарма төрайымы болған (қазіргі атауы – Eco Center Bank, ред.) Алина Аникина мен осы қаржы ұйымының басқарушы директоры Серке Қасенов Bereke Bank директорлар кеңесінің құрамына кірді. Бұл туралы банк Қазақстан қор биржасына хабарлады.
Құжатқа сүйенсек, енді Bereke Bank директорлар кеңесіне үш адам мүше: Андрей Тимченко, Алина Аникина және Серке Қасенов.
Алина Аникина Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. 2012 жылы Қазақстандағы «Альфа-Банкке» шақырылып, ішкі аудит қызметінің басшысынан бастап, қаржы ұйымының басшысына дейін әртүрлі қызметтер атқарды. 2018 жылдан бастап басқарма төрайымы болды. 2023 жылғы сәуірде Bereke Bank басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Серке Қасенов – 2023 жылғы сәуірден бастап Bereke Bank басқарма төрағасының орынбасары. Ол Жамбыл технологиялық институтының жеңіл және тамақ өнеркәсібі экономикасы мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары БТА Банкте, Halyk Bank-те, Қазақстандағы Альфа-Банкте және «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясында қызмет атқарды.
Андрей Тимченко 2022 жылғы қарашадан бастап банкті басқарады.
Бұған дейін банк шетелден топ-менеджерлер іздеген еді. Лайықты жетекші табу үшін қаржы ұйымы рекутер компанияға 93 млн теңге төлеуге дайын.
2024 жылы қазанда Bereke Bank катарлық Lesha Bank-ке 65 млрд теңгеге сатылды. 2025 жылғы қаңтардың ортасында Bereke Bank атауын «Bereke Bank» АҚ (Lesha Bank LLC (Public) еншілес банкі) деп өзгерткенін хабарлады