Сауда соғысының салқыны: алтын бағасы үштен бір есе қымбаттауы мүмкін

Goldman Sachs инвестициялық банкінің сарапшылары 2025 жылдың соңына дейін алтынның бағасы 9%-ға қымбаттауы мүмкін деп болжайды. Егер АҚШ-тың импортқа салатын баж салығын көтеруіне байланысты үлкен сауда соғысы басталса, алтын құны 30%-ға дейін өсуі ықтимал.
Goldman Sachs компаниясы алтын бағасының өсуіне қатысты өз болжамын жаңартты. Сарапшылардың пікірінше, жыл соңына дейін алтынның бағасы 3,1 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Бұған дейінгі болжам 2,89 мың доллар болған. Оған орталық банк тарапынан алтынға деген сұраныс (айына шамамен 50 тонна) және алтын құймаларын сатып алатын қорларға (ETF) инвестицияның артуы әсер етеді.
Сонымен қатар сарапшылар АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын одан әрі арттыруы алтын бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Өткен аптаның басында болат пен алюминийге 25%-дық салық енгізді.
Goldman Sachs-тің сарапшысы Лина Томастың айтуынша, егер саясаттағы белгісіздік, соның ішінде импорттық баж салығына қатысты мәселелер сақталса, алыпсатарлық инвестициялардың артуына байланысты алтын бағасы 3,3 мың долларға дейін жетуі мүмкін.
«Сауда соғысы» аясында алтын бағасы жаңа рекордтарды жаңартып жатыр. Инвесторлар үшін ең сенімді құралға айналған алтын жыл басында тарихи рекорд орнатып, бағасы унциясына 2,8 мың доллардан асқан.