
Apple корпорациясы бағасы арзан iPhone 16E смартфонын таныстырып, саудаға түсетін күнді жариялады. Жаңа гаджеттің бағасы 599 доллардан басталады.
iPhone 16E – төртінші буынға жататын ең арзан смартфон. Ол 2022 жылы саудаға түскен iPhone SE 3 моделінің орнын басады. Америкалықтар осыдан он жыл бұрын шыға бастаған SE үлгісінен бас тартып, жаңа гаджеттің атауын өзгертті.
Басты ерекшеліктері
Девайс дизайны да айтарлықтай өзгерді. Смартфонның жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін функциялары бар.
Phone 16E смартфонында «Үйге» орталық басқару батырмасы, саусақ табын танитын Touch ID сканері жоқ. Оның орнына Face ID орнатылды.
Бұған қоса, бір қырында жаңа «Әрекет батырмасы» (Action Button) пайда болды. Тұтыну оған жарықты, камераны қосу секілді әрекеттерді өз қалауы бойынша қоса алады.
Смартфон USB-С стандартына сай құрылғымен қуатталады. Аpple өкілдері гаджет қуаты ұзаққа жетеді деп отыр. iPhone 11-ға қарағанда, Phone 16E алты сағат ұзақ жұмыс істей алады.
Ақылды смартфон
Гаджеттің тез жұмыс істеуіне A18 чипі көмектеседі. iPhone 16 және iPhone 16 Plus үлгілеріне де дәл осындай чип орнатылған. Жылдам ойлау қабілеті 4 Гб-дан 8 Гб-ға дейін ұлғайды.
Енді онымен Apple Intelligence жасанды интеллект платформасына өтуге болады. Арзан смартфон иелері де әбден жетілген Siri дыбыс көмекшісінің қызметін пайдалана алады. Бұған қоса, мәтін, сурет, видео және кеңестер үшін де ЖИ көмегіне жүгінуге болады.
Гаджетке жалғыз ғана камера орнатылған, алайда оның өнімінің тұнықтығы 12 Мп-дан 48 МП-ға дейін артты. Селфи мен бейнеқоңырау үшін 12 мегапиксельдік сенсор қарастырылған.
iPhone 16E-нің жадына қарай 128 Гб, 256 Гб және 512 Гб түрлері бар.
Смартфонға алдын ала тапсырыс беру АҚШ-та осы жұмада, 21 ақпанда басталады. Ал әлемнің басқа да елдері бір апта кейін, 28 ақпанда алдын ала тапсырыспен алдыра алады. Жаңа гаджеттің бағасы 599 доллардан басталады.