Online vs Offline: желідегі сауда жайма базарды ығыстырып шыға ала ма?

Қазақстанда ғаламтор көмегімен онлайн жасалатын сауда қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Республикада онлайн сауда үлесі 17%-ға жетіп қалды.
TSPM компаниясының серіктесі Алексей Хегай бүгін, 20 ақпанда, Алматыда UK Future Places конференциясында осындай мәлімет келтірді. Dostyk Plaza және Shymkent Plaza сауда және ойын-сауық орталықтарын басқаратын компания топ-менеджерінің пікірінше, республикада онлайн-сауда үлесі әзірге айтарлықтай жоғары емес.
«Түрлі маркетплейстер, онлайн тапсырыстар нарықты жаулап барады деуге әзірге ерте. Олай дейтінім, қазір Қазақстанда онлайн-сауданың үлесі бар болғаны 17% ғана», – дейді Алексей Хегай.

Оның айтуынша, сауда орталықтары секілді ірі нүктелерді қамтитын заманауи сауда үлесі 29%. Ал қалған 54%-ы жайма базарлар мен дүкендер секілді дәстүрлі сауда үлесіне тиесілі.
«Онлайн-сауда елдегі ірі сауда орталықтарына, яғни заманауи саудаға қауіпті емес. Әзірге онлайн тапсырыспен жасалатын сауда түрі негізінен дәстүрлі сауда табысына ортақтасып, соның аумағын жаулап алып жатыр», – деді топ-менеджер.
Компания басшысының пікірінше, онлайн-сауданың қарқын алуынан бірінші кезекте азық-түлік пен тұрмыстық техника саудасы зардап шегеді.
«Қазақстандықтардың 42%-ы тұрмыстық техниканы онлайн тапсырыспен алдыруды қалайды. Әлбетте, мұнда Kaspi маркетплейсінің сіңірген еңбегі өте жоғары. Ол тұрмыстық техника нарығына қырғидай тиді», – дейді ол.
Қазақстанда онлайн-сауда үлесі 2020 жылы, яғни коронавирус індеті кезінде қарқынды дамып, одан кейін сәл бәсеңсіген. Алайда нарыққа ірі маркетплейстердің енуі сауда бөлінісіне айтарлықтай әсер етіп, кейінгі екі жылда онлайн-сауда қарқын алып келе жатқаны байқалады.
Қазақстан үкіметінің ресми мәліметінше, 2024 жылы елімізде электронды сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгеге жеткен.