«Бәйтерек» холдингі елдегі жеке компанияларға 4 трлн теңге қаржы салды

«Бәйтерек» ұлттық холдинг басшысы Рустем Қарағойшин премьер-министр Олжас Бектеновқа қаржы ұйымы мен еншілес компаниялардың 2024 жылдағы инвестициялық және қаржылай қорытындысы жайлы есеп берді. Бір жыл ішінде «Бәйтеректің» экономикаға салған қаржы көлемі 52%-ға көбейген.
Жалпы алғанда қаражат квазимемлекеттік секторға жатпайтын 58 мың жеке компания мен ұйымға жұмсалды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде 6 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.
Отандық кәсіпкерлер 7,3 трлн теңгеге тауарлар мен қызмет өндірген. Ал экспорт көлемі үштен бірге өсіп, 1 трлн 046,1 млрд теңгеге жетті.
Холдинг пен оның құрылымдары арқылы 10,5 мыңнан аса ауылшаруашылық техникасы мен құрылғылар сатып алды. Сондай-ақ нарықтан облигациялық қарыз алып, көктемгі егістік жұмыстарына дайындық басталды. «Жасыл экономиканы» қолдау үшін энергетика саласында 14,5 млрд теңге болатын үш жобаға қолдау білдірген.
«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингіне қарасты компаниялар өткен жылы 54 млрд теңгеге сатып алулар жасаған. Оның ішінде отандық өндірушілерден 46 млрд теңгеге тауар мен қызмет сатып алды.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Бәйтерек» холдингіне фермерлерді несиелендіру мен субсидиялауды қысқартуды тапсырған. Субсидияны бизнеске айналдырып жібердік деп айыптаған еді.
«Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.