Кәрім Мәсімовтен тәркіленген зәулім сарай аукционда сатылмады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Кәрім Мәсімовтен
Кәрім Мәмовтен тәркіленген үй сатылмады / Фото: e-auction.e-qazyna.kz

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген, құны 1,8 млрд теңге тұратын зәулім сарай аукционда сатылмады. Үйді сатып алуға ниеттілердің болмауына байланысты 25 ақпанға белгіленген сауда-саттық өтпеген.

Зәулім сарайды Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатылымға шығарған. Бастапқы бағасы 1,8 млрд теңге деп белгіленген. Сатып алуға ниетті адамдар 117,9 млн теңге кепілдік жарнасын төлеуі шарт болған.

Лот сипаттамасында тұрғын үй Астана қаласы, Нұра ауданы, Қараөткел шағын ауданының Ерейментау көшесі, 1-ғимаратта орналасқаны көрсетілген.

Жалпы ауданы 2877,7 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде тұрғын ауданы 347,2 шаршы метрге тең. Жалпы аумағы 0,9475 гектар және 0,2713 гектар болатын жері бар. Тұрғын үймен қоса, жиһаз, электронды техника, өнер туындылары мен кәдесыйлар да сатылымға қойылды.

Аукционға шығарылған фотосуреттер 2022 жылы Кәрім Мәсімов ұсталғаннан кейін, ҰҚК-нің жариялаған кадрларымен сәйкес келеді. Үш жыл бұрын Мәсімов ұсталғаннан кейін, бұл үйден 17,2 млн доллар, алтын құймалары, элиталық сағаттар, антиквариат табылған еді. Сондай-ақ 11 бизнес-класс автокөлігі тәркіленген болатын.

Әдетте мұндай лоттар қайтадан саудаға шығарылған кезде оның бағасы төмендетілуі мүмкін.

Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған болатын. Сот оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алуға талпынды және өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптап, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляция бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» өтті. Кәрім Мәсімов Қазақстандағы Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы деп танылды. Ол кезде 238 азамат қайтыс болған.

2024 жылы Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш білдірген, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев оның өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ оқыңыз