
Руслан Берденов – жуырда ғана тағайындалған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары. Бұл қызметке дейін екі жыл бойы мәжілісте Respublica партиясы атынан депутат болған. Десе де шенеунік қазақстандықтарға кәсіпкер ретінде көбірек таныс. Берденовтің ең ірі дәріханалар желісі мен мейрамхана бизнестерінде мол тәжірибесі бар. KURSIV.MEDIA тілшісі мемлекеттік қызметке бет бұрған депутаттың бизнестегі еңбек жолын саралап көрді.
Берденов кім?
Руслан Арысбекұлы Берденов — 1985 жылғы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009 жылы КИМЭП университетінде іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алған.
Жеке өміріне келер болсақ, ол отбасы жайлы мағұлматтарды көпшілікке жариялай бермейді.
Бизнестегі мансабы қалай басталды?
Берденов бизнестегі еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласындағы «Almaty Kus» Сеймар Групп ААҚ-да бірден жоғары лауазымды қызметтен бастайды. Бұл компанияда бөлшек сауда директоры болып екі жылдан артық қызмет атқарады.
2007 жылдан 2010 жылға дейін «Procter & Gamble LLP» компаниясында бас логистикалық үйлестіруші болады. Бұдан кейін тағы екі жыл Алматыдағы «Eastcomtrans» ЖШС-де жылжымалы құрамды жалға беру департаментінің директоры ретінде қызметін жалғастырады.
Берденов пен ең ірі дәріхана желісін не байланыстырады?
Берденов 2012 жылдан 2018 жылға дейін «Ақ ниет» ЖШС-ның бас директоры болды, кейіннен оның бақылау кеңесіне кіреді. Ал 2019 жылы Aq Niet Group бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, 2023 жылға дейін сол қызметте жұмыс істейді. Осылайша, қазіргі шенеунікке 10 жыл бойы осы компанияның басшылық қызметін сеніп тапсырған.
1996 жылы Шымкентте негізі қаланған Akniet Pharmaceuticals компаниясына сол кездегі жалғыз акционер Марат Оразалиевтің шақыруымен 2012 жылы келді. Сол уақытта компания кеңейуге дайындалып, инвестор іздеп жатқан болатын.
Бұл компания Қазақстандағы ең ірі жекеменшік компаниялардың бірі. Компания Europharma және Arzan Pharm дәріханалар желісін басқарады. Айтпақшы, 2021 жылы Forbes-тың елдегі 50 ірі жеке компания қатарына кірген жалғыз фармацевтикалық кәсіпорын.
Арманы «Мишлен жұлдызы»: Берденов мейрамхана бизнесіне қалай келді?
2021 жылы Берденов серіктестерімен бірге Шымкент пен Түркістан қалаларында «SANDYQ» мейрамханасын ашады. Елдегі ең үздік ұлттық мейрамханаға айналатын, тіпті «Мишлен жұлдызына» ие болуды мақсат етеді. Сондықтан бастапқыда табыстан гөрі, инвестицияны көбірек салуды жөн көреді. Мәселен, Шымкенттегі мейрамханаға 700 мың, ал Түркістандағысына салынған инвестициясы шамамен 400 мың долларды құрайды.
Ал Алматыдағы мейрамхана желісін ашу үшін Берденов Aq Niet Group-тың қазіргі негізі құрылтайшысы Қайрат Итемгеновке серіктес болуды ұсынады. Қазіргі уақытта Оңүстік астанадағы «SANDYQ»-тан түсетін пайданың бір бөлігі Aq Niet Group-қа тиесілі. Бүгінде Берденов «SANDYQ» мейрамхана желісін Көкшетау мен Астана қалаларында да ашып үлгерген.
Депутат Мәжіліс қабырғасында несімен есте қалды?
Қазақстандық кәсіпкер 2023 жылдың наурызынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты болды. Respublica партиясының атынан сайланған. Мәжіліс қабырғасында 2 жыл отырды.
Депутат болған тұсында Берденов елдегі букмекерлік кеңселердің қызметіне қарсы шығып, күресуімен есте қалды. Ол лудомандар мен құмар ойын нарығын шектеуді талап еткен болатын. Мәжілісменнің құмар ойыны бизнесіндегілермен текетіресінің соңы, сотқа дейін жетіп еді. Қазақстан букмекерлік кеңселер қауымдастығы депутатты жалған ақпарат таратты деп айыптап, соңы азаматтық істің қозғалуына алып келді. Алайда сот Берденовтің пайдасына шешіліп, букмекерлер істе жеңіліп тынған болатын.
«Бэтмен» образындағы суперқаһрман…
2024 жылдың жазында Руслан Берденов әлеуметтік желіде ерекше бейнероликпен оқырман назарын өзіне аудартты. Ол Астанадағы Abu Dhabi Plaza ғимаратының төбесіне шығып, «Бэтмен» бейнесінде видео түсірген еді. Мұны видеограф Әділет Рахметолла түсірген, бірақ көп ұзамай оны өшіріп тастады. Ал Берденов бұл түсірілімді «әлеуметтік роликтің бір бөлігі» деп түсіндірді.