
Назарбаев университетінің студенті әрі белсенді Темірлан өзін тәртіптік тыңдауға шақырғанын мәлімдеді. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде басқа бір студент әйелдер дәретханасында қыздарды видеоға түсіргені туралы хабарлаған болатын. Ал видео түсірді делінген студент оқу корпусынан шығарылғаны белгілі болды
Темірланның айтуынша, оны университеттің ішкі құжаттарын бұзу ықтималдығына байланысты ресми түрде тыңдауға шақырған. Оның дәретханада видеоға түсірген студент туралы жазбасы төрт күн ішінде 3,7 мың лайк пен 187 пікір жинаған. Белсенді бұл тыңдауды университет әкімшілігінің қысымы мен қорқыту әрекеті деп бағалады.
«Мәселені жариялағаны үшін жазалау – ақылға қонымсыз. Егер біз бүгін үнсіз қалсақ, ертең бұл әрқайсымыздың басымызға түсуі мүмкін», – деді Темірлан.
Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі студентке қысым жасалып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған.
«Студенттің өзіне қысым көрсетілді деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді. Ол әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуда. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске саламыз», – деп мәлімдеді университет өкілдері «Курсивке» берген жауабында.
Сондай-ақ универститет тарапы әйелдердің әжетханасында видео түсірді делінген студент каспустан шығарылғанын хабарлады.
«Кампустағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында университет қатаң шаралар қабылдады. Видеожазбаға қатысы бар студент кампустан шығарылды. Сонымен қатар, студенттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қорғау үшін барлық қажетті шаралар жүзеге асырылды» делінген университет хабарламасында.
Бұған дейін, Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Университеті 73 млдр теңге бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлағанын хабарлаған. Алайда университет мұнымен келіспейді.