Жаңалықтар

Ресей Қазақстанның үш қаласында ЖЭО салады. Олар кімнің меншігінде болады

Ресей
Ресей Қазақстаның үш қаласында жылу орталықтары салады. / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресей Қазақстанның үш ірі қаласында жаңа жылу-электр станциясын салып беретіні белгілі. Жылу орталықтары Өскемен, Семей және Көкшетау қаласында бой көтермек. Бұл ЖЭО-ларды Ресейдің «Интер РАО – Экспорт» компаниясы салады. Тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» компаниясы.

Қазіргі кезде жылу орталықтарының жоба-сметалық құжаттарын жасау басталған. Үкімет, ең бірінші, Көкшетаудағы жылу орталығын салып бітіруді жоспарлап отыр. Ресейлік компания – тек тапсырыс орындаушы. Жаңа ЖЭС-тен мемлекет меншігінде қалады. Бұл туралы Сенат кулуарында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Ресейлік компания – бас мердігер

Вице-министрдің айтуынша, арнайы үкімет аралық келісімге қол қойылған. Соған сәйкес, ресейлік компания тек бас мердігер ретінде қалады. Сонымен қатар ЖЭО құрылысына арзан шарттармен қаржы құяды.

«Қазақстандық тараптан тапсырыс беруші «Самұрық-Энерго» компаниясы. Сондықтан басқа біреудің меншігіне өтеді деуге еш негіз жоқ. Биыл жобалау құжаттары мен келісімшартты бекіту жоспарланған», – деді ол.

Көкшетауда салынатын орталық 2028 жылы іске қосылуы тиіс. Өйткені Көкшетауда жылу электр орталығы жоқ – тек аудандық қазандықтар ғана бар. Орталықтандырылған ыстық су құбыры болмағандықтан, тұрғындар өз қаражатына электрлі су жылытқыштар сатып алып, орнатуға мәжбүр. Одан кейін Семей мен Өскемен қаласындағы ЖЭО-лар салынып бітпек.

Ресей салатын ЖЭО-ға қанша қаржы жұмсалады

Алайда бұл жылу электр орталықтарының құрылысына қанша қаржы қажет болатынын нақты белгісіз.

2023 жылы вице-премьер Роман Скляр Көкшетаудағы орталықтың электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатынын хабарлаған. Құрылыстың жалпы құны 239,4 млрд теңгені құрайды.

Жобаның бірінші кезеңі «Самұрық-Энергоның» өз қаржысына салынса, 2 және 3-кезең үшін Ресейден қарыз алынбақ. Бұл қарыздың уақтылы қайтарылатынына «Самұрық-Қазына» мен ел үкіметі кепіл болады делінген.