
Елордалық полиция мен Sergek Group компаниясы заңға бағынатын көлік иелерінің ондығына Freedom Insurance компаниясының КАСКО полистерін табыстады.
Жүргізушілерге сыйлық беру науқанына өткен жылы 40 мың шақырымнан астам жол жүріп, бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған жүргізушілер іріктеліп алынған.
КАСКО сертификатын бірінші болып алған Мұса Ибрагимов Kia Ceed көлігімен жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушісі.
«Мені жол полициясы тоқтатады деп күткен едім. Үш күннен бері рейд жүріп жатқандықтан, мені біреу тоқтататындай сезіндім. Бұл жай ғана құжатты тексеру немесе такси айдағаным үшін шығар деп ойладым. Тіпті тоқтатты деп алаңдамадым», – деді ол жүлдені алғаннан кейін.
Жүргізушілерге сыйлық науқанының екінші жеңімпаз 2023 жылғы Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі Артем Пашковкин де такси жүргізушісі болып шыққан. Ол 18 жасынан бері жеңіл көліктерді ғана емес, жүк көліктері мен автобустарды да жүргізіп үлгерген. Айтуынша, көлік айдағанына 21 жыл болған.
Жүргізушілерге сыйлық табыс ету науқанының жеңімпаз жүргізушілері полисті наурыз айының соңына дейін іске қосуы керек.
Бұған дейін қазақстандық Sergek Group IT-компаниясының бас директоры Евгений Ким көлікті қауіпсіз жүргізгені үшін жүргізушілерге сыйлық беру арқылы оларды марапаттау жүйесін енгізуді ұсынған. Ол көлік жүргізу мәдениетін жазалау арқылы ғана емес, басқа да тәсілдермен арттыру қажеттігін айтқан болатын.
Мұндай ұсынысты Kursiv.media-ға білдірген пікірінде автосарапшы Дильяр Тевахунов та айтқан. Ол жол ережесін бұзбаған жүргізушілерге сақтандыру жеңілдіктерін ұсыну сияқты ынталандыру шаралары да заңды сақтауға, жол апаттарын азайтуға көмектеседі деп санайды.