
Ғарыш құпиясы адамзатты сан ғасырдан беріп толғандырып келеді. Соның бірі – ғаламды өзіне тартып жатқан алып күш.
Ұлы аттрактор. Бұл не нәрсе?
Ғалым дамыған сайын аспанды бақылайтын тамаша телескоптар пайда болды. 93 миллиард жарық жылына дейінгі қашықтықты көре алатын болдық. Бірақ ғарыштың қойнауына көз жүгірткен сайын ұлы жаңалықтар ашылып жатқанымен, адамзат жауаптан гөрі сұрақтарға көп тап болып жатқандай.
Ұлы аттрактор – адамзатқа белгілі әлемдегі ең орасан зор күш. Көзге көрінбесе де, мыңдаған галактикаларды алып шаңсорғыш секілді өзіне тартып алып жатыр. Бұл галактикалардың арасында тіршілік мекені – Құс Жолы да бар.
Ғалымдар қашан анықтады?
Бұл – орасан зор ғарыштық күшке ие аймақ. Ғалымдардың есебіне қарағанда, Ұлы аттрактордың массасы кез келген галактика шоғарларынан әлденеше есе ауыр. Күннің 10¹⁶ еселенген массасына тең.
Ғалымдар бұл ерекше жарытылысты алғаш рет 1970 жылдары байқаған. Галактикалардың әлемнің кеңеюіне байланысты бір-бірінен алшақтап бара жатқаны белгілі. Астрономдар одан да басқа факторды ашты. Мыңдаған галактикаларды белгісіз бір күштің – көзге көрінбейтін нүктенің магнит секілді тартып жатқаны анықталып отыр.
Ұлы аттрактор неге көзге көрінбейді?
Ғалымдар бұл ғарыш аймағын Ұлы тартқыш – Ұлы аттрактор деп атауды ұйғарады. Десе де, ең мықты деген телескоптардың өзі көре алмай отыр. Оның тікелей бақылау мүмкін емес. Бұл алып күш «адамзат мені көрмесін» деп галактикалық шаң-тозаң мен жұлдыздардың қалың қабатының арғы жағында жасырынып қалғандай. Ондай аймақ ғылымда «болдырмау аймағы» деп аталады. Ғалымдар оның өзін көре алмаса да, соған қарай ұмтылып, жүйткіп бара жатқан мыңдаған галактикаларды байқап отыр. Бұл ғарыш құпиясы осы әрекетімен де жасырынған бір тылсым күшті ұғындырады.
Қара құрдым ба?
Ғарыш құпиясы – Ұлы аттракторды кейбір ғалымдар өте алып қара құрдым деп түсіндіреді. Қара құрдымдар орасан зор гравитациялық күшке ие. Олардың массасы жеткілікті түрде үлкен болса, тұтас галактикалардың қозғалысына әсер ете алар еді. Сондықтан кейбір теориялар Ұлы аттракторды «алып қара құрдым» деп болжайды.
Ұлы аттрактор біз тұрып жатқан ғаламшардан 250 миллион жарық жылы болатын қашықтықта орналасқан.
Қара құмдымға қарсы уәж
Алайда кейбір ғалымдар мұны жоққа шығарады. Өйткені, Ұлы аттрактор алып қара құрдым болса, ол төңірегіндегі галактикалар мен жұлдыздарды жойып жіберер еді. Алайда бәрі дін аман. Қырғынға ұшырамаған. Демек, гравитациялық әсері қара құрдымдардан әлсіз.
Сонымен қатар, адам үшін алып болса да, ғарыш үшін қара құрдымдар ықшам аспан денесі. Ғарыш құпиясы – Ұлы аттрактор орасан зор аумақты алып жатыр.
Ғалымдардың пікірінше, рентгендік телескоптар бұл аймақта ыстық газдың және галактикалық шоғырлардың көп екенін көрсетіп отыр. Ұлы аттрактор қара құрдымнан гөрі супермассивті материя шоғырына көбірек ұқсайды.
Қара материя ма?
Кейбір астрономдар бұл алып күшті «Ланиакея галактикалық шоғырының бір бөлігі» деп атап жүр. Ланиакеяның аумағы 520 миллион жарық жылына созылып жатыр. Онда он мыңдаған галактика бар.
Тағы бір болжам бойынша, Ұлы аттрактор бір-біріне жақын орналасқан бірнеше ірі галактикалық шоғырлардың жиынтығы болуы мүмкін.
Десе де, кейбір тұжырымдар бойынша, Ұлы аттрактор қара материя теориясына сәуле түсіруі ғажап емес. Айталық, әлемнің 85%-ы көрінбейтін қара материядан тұрады. Бұл ғарыш құпиясы – осы материяның ерекше тығыз аймағы болуы мүмкін.
Ұлы аттрактор сыры жаратылыс құпиясын аша ма?
Астрономдардың пікірінше, Ұлы аттракторды зерттеу әлемнің құрылымы мен дамуын терең түсінуге көмектеспек. Ол гравитацияның ғарыштағы рөлін айқын көрсетпек. Оны аз десеңіз, қара материяның, галактикалардың және басқа да белмәлім күштердің, яғни талай ғарыш құпиясын ашуға мүмкіндік бермек.
Ұлы аттрактор – әлемдегі ең үлкен алып күш қана емес, алып жұмбақ.
Табиғаты әлі толық зерттелген жоқ. Бұл құбылысты зерттеу – адамзаттың ғаламды танудағы өте маңызды қадамы болмақ. Әзірге ғарыш құпиясы өз құдіретін көрсеткенімен, бейнесін жасырып отыр.
Мұның алдында ұялы байланыс технологиясы Айда сынақтан өтіп жатқаны туралы жазған едік.