Владимир Ким дәулеті жыл басынан бері 256 млн долларға артты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Миллиардер Владимир Кимнің дәулеті екі айда 256 млн долларға көбейді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең бай адам – Владимир Ким дәулеті 2025 жылғы екі айда 256 млн долларға артып, 7,31 млрд доллар болды. Bloomberg миллиардерлер индексінде осындай мәлімет жарияланды.

Ким – әлемнің ең бай 500 адамы тізіміне кірген жалғыз қазақстандық

64 жастағы миллиардер әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 419-орынға жайғасты.

«Ким – Қазақстан мен Қырғызстанда ашық әдіспен мыс өндіретін KAZ Minerals директоры және бұрынғы төрағасы. Кеңсесі Амстердамда орналасқан компанияның 2015-2023 жылдар аралығындағы жылдық жиынтық өсімі шамамен 20% болды.

Ким инвестициясы мыс өндіретін тағы бір компания – «Қазақмыста», сонымен бірге қазақстандық RBK Bank-те бар», – деп жазды Bloomberg.

Владимир Ким (63,5%) және Олег Новачукқа (36,5%) тиесілі KAZ Minerals компаниясы 2024 жылы кен өңдеу көлемін 6%-ға арттырып, 96,5 млн тоннаға жеткізді. Компания Ақтоғай, Орловский, Бозшакөл, Бозымшақ және Шығыс Қазақстандағы екі кен орнында жұмыс істейді.

Бұған қоса KAZ Minerals Bozshakol ақпан айының басында 2025–2029 жылдар аралығында Солтүстік кен орнынан 6 млн тонна құрылыс материалын өндіруді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Рейтингті 351 млрд доллармен Илон Маск бастап тұр. Ол 2025 жылғы екі айда 81,4 млрд доллардан айрылған.

Сондай-ақ оқыңыз