Travel Tech: жаңа технологиялар туризм саласын қалай өзгертіп жатыр?

Жарияланды 6 Наурыз 2025 08:05

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Жаңа технологиялар туризм саласын қалай өзгертіп жатыр?/Фото: kursiv.media архивінен

Көз алдыңызға мына көріністі елестетіп көріңізші: әуежайға барарда билет, төлқұжат, жүк жайлы ойлап бас қатырмайсыз. Керектің бәрі смартфоныңызда, клаудта тұр. Түрді танитын жүйе кірген бетте танып қояды, шабаданыңыз ұшаққа өзі бара береді. Ал жеке көмекшіңіз —жасанды интеллект болса, қай жерге баратыныңызды, не істейтініңізді жоспарлап қойған. Бұл неткен таңғажайып демеңіз. Мұның бәрі — саяхат әлеміне технологиялар енгелі болып жатқан өзгеріс. Олай болса, қазір жұмыс істеп тұрған технологиялар мен болашақта іске қосу үшін сыналып жатқан технологияларға шолу жасайық.

Жасанды интеллект: қалауыңызға қарай маршрут сызып береді, жеке көмекшіңіз болады.

Жасанды интеллект қазірдің өзінде саяхатта сізге көп көмектеседі. Google Travel немесе TripIt сияқты машинаны үйрететін сервистердің көмегімен қалауыңызға сай маршрут құрастырып бере алады. Яғни терең анализ жасай отырып, қызығушылығыңыз, қалтаңыз бен ауа-райына қарай жеке жоспар жасай алады. Бар болғаны өзіңізге не керегін айтсаңыз болды. Одан бөлек, ChatGPT, Siri және Google Assistant секілді ЖИ-көмекшілер рейс, қонақүй, мейрамхана, бару керек әдемі жерлер жайлы ақпаратты демде тауып береді.

Қазір Қытайда консьерж-роботтарды сынап жатыр. Олар қонақүйдегі ресепшеннің орнын басады деседі. Ал Жапонияда адамдарсыз-ақ жұмыс істей беретін автомат туристік-гидтер бар. Amadeus деректеріне сүйенсек, саяхатшылардың 65 пайызы жасанды интеллект платформаларына сапарын жоспарлауға табыстауға дайын екен.  

Биометрия: жолға шығарда билет пен төлқұжат алып жүрудің керегі жоқ

Адамдардың түрі мен саусақ ізін танитын технология барын бәріміз білеміз. Міне, сол технология қазір әлемнің бірнеше елінде әуежайда қолданылып жүр. Мысалы Сингапурде (Чанги әуежайында) рейске отырарда қағаз билет пен төлқұжат сұрамайды. Бар болғаны түріңізге скан жасайды. АҚШ, Дубай, Ұлыбританияда Contactless Travel (жанаспай) жобалары сынақтап өткізіліп жатыр. Былайша айтқанда, жолаушы барлық бақылау бекетінен құжат көрсетпей-ақ өтеді. Осы технологияның арқасында процесс жылдамдап қана қоймай, жалған құжаттарды анықтау оңайырақ бола түседі. 2030 жылға қарай әлем әуежайларының 70 пайызына жуығы қағаз төлқұжаттардан толықтай бас тартады деседі. 

Смарт қонақүй: роботтар, дыбыстық командалар мен IoT

Қонақүй индустриясы да смарт технологияларды белсене қосып жатыр. Қазір Жапонияның кей қонақүйлерінде қонақтарды консьерж-роботтар қарсы алады. Олар бірнеше тілді түсінеді, тіркеуден өтуге көмектеседі, такси шақырып береді. «Ақылды бөлме» жүйесі арқылы қонақтар жарықты өшіріп-қосу, температураны өзгерту, теледидарды басқару сияқты командаларды қолданба немесе дыбыстық көмекшілер (мысалы Alexa немесе Google Home) арқылы орындата алады. Ал заттар интернеті болса (IoT) қонақүйлерге қанша бөлме бос екенін көрсетіп, келушілердің қалауын дөп табуға көмектеседі. McKinsey деректері бойынша, қонақүйлерге IoT енгізсе, электр энергиясына кететін шығын 20-30 пайызға төмендейді.   

Виртуал және толықтырылған реалити

VR (виртуал реалити) және AR (толықтырылған реалити) технологиялары туристерге үйде отырып-ақ, көргісі келетін жерлерді көрсетуге мүмкіндік береді. Виртуал экскурсиялар қазір Google Earth VR немесе Oculus Travel сияқты қолданбаларда бар. Соның ішіне кіріп демде Рим, Париж, Мальдивке «барып» келсеңіз болады.

Google Lens секілді AR-шешімдер туристерге барғысы келетін жерлер туралы көп ақпарат алуға көмектеседі. Мысалы, камераны бір ғимаратқа не музейдегі картинаға бұрсаңыз болғаны, сол нысан жайлы мәліметке қанық боласыз. Ал Диснейленд пен Universal Studios бүгінде аттракциондарды бұрынғыдан бетер қызық ету үшін толықтырылған реалити технологиясын енгізіп жатыр.   

Автоном транспорт: Hyperloop, ұшатын такси және болашақтағы пойыздар

Hyperloop – Илон Масктың компаниясы шығарған жүрдек пойыз. Жүйткігенде дыбысы шықпайды, жылдамдығы — сағатына 1000 шақырым. Алғашқы сынақ маршруттар қазір Біріккен Араб Әмірліктері мен Америка Құрама Штаттарында өткізіліп жатыр. Ал ұшатын таксиді Joby Aviation, Archer және EHang стартаптары ұсынады.

Аты айтып тұрғанда дәстүрлі таксидің орнын басатын, әуеде қалқитын такси шығады. Дубай мен Сингапурде жүргізушісіз жүретін аэротакси сыналып жатыр екен. Сол секілді жүргізушісіз автокөліктер де бар. Мысалы Google-ға тиесілі Waymo компаниясы автоном таксилерді Аризона мен Калифорнияда шығарып қойды. Сервис қазір осы қалаларда жұмыс істеп тұр. Morgan Stanley болжамына сүйенсек, әуе таксилерінің нарығы 2040 жылға қарай 1 трлн долларға жетеді-мыс.  

Ақылды шабадандар мен жүк технологиясындағы өзгерістер

Дәстүрлі шабадандар да біртіндеп шетке ысырылатын түрі бар. Өйткені бүгінде ішінде GPS орнатылған, смартфон қуаттағышы бар, автопилот шабадандар шығып жатыр. Мысалы Bluesmart — қолданба арқылы қайда тұрғанын бақылап отыруға болатын ақылды шабадан. Иесінің соңынан еретін Travelmate деген робот-шабадан бар. Оған қоса көпшілікке таныс AirTag (Apple) мен Tile туралы да айта кету керек. Тегтерді қадап қойсаңыз болғаны, смартфон арқылы локацияны бақылап отырасыз. Статистикаға сүйенсек, жылына әуежайларда 25 миллионға жуық шабадан жоғалады екен. Ал бұл мәселені ақылды трекерлер шешіп береді.

Енді саяхат бұрынғыдан өзгеше болады

Travel Tech саяхаттың сын-сипатын түгелдей өзгертетін түрі бар. Оның көмегімен сапар жылдам, қолайлы әрі қауіпсіз болады. Қазірдің өзінде ЖИ-көмекшілер, биометрия, виртуал және толықтырылған реалитидің индустрияны қалай өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Алдағы жылы бұл қарқын тіпті күшейе түспек.

Ал бұған дейін баламен саяхаттағанда керек болатын лайфхактармен де бөліскен болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз