Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
базалық мөлшерлеме
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады / Фото: Асқар Ахметуллин

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерді. Бас банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды.

Ұлттық банк бұл шешімін инфляцияның қарқын алуымен түсіндіреді. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Одан бөлек, Ресейде де инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді.

«Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе, қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде – 14,2% және 16,9%) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5% өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді»,- делінген хабарламада.

Қазіргі және болжамды инфляциялық үдерістердің айтарлықтай жеделдеуі инфляцияның таргеттен айтарлықтай ауытқуына әкелді және жиынтық ақша-кредит шарттарын жеңілдеткен. Ұлттық банк осыған байланысты қазіргі шешім аясында базалық мөлшерлемені көтеру қажет болды деп түсіндіреді.

Сонымен қатар банк инфляцияға қатысты болжамын да қайта қарады. ҰБ 2025 жылы инфляцияны 10-12% деңгейінде , 2026 жылы 9-11% шегінде қалыптасады деген болжам жасаған. Экономика өсіміне қатысты болжам да төмендеген. 2025 және 2026 жылдарға жасалған болжам 4,2-5,2% деңгейінде қалыптасты.

Бас банк 2024 жыл қарашада негізгі мөлшерлемені 14,25%-дан 15,25%-ға  көтерген болатын. Оған себеп – жыл соңында елдегі инфляцияның қарқын алуы. Сол кезде теңге де қатты құнсызданып, доллар бағамы 500 теңгеден асты.

Ал қаңтардағы шешімінде дәл осы деңгейде өзгеріссіз қалдырды.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада нарық қатысушылары базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деп пікір білдірген. Мұндай болжам жасауға инфляцияның жеделдеуі себеп болып отыр. Ақпанда тұтыну бағалары бір айда 1,5% және жылдық мәнде 9,4% өсті.

 Ал Halyk Finance сарапшылары реттеуші мөлшерлемені 0,25-0,50 пайыздық пунктке көтеруі мүмкін деп болжады.  

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету халық пен бизнес үшін қиын болатынын мәлімдеген. Негізгі мөлшерлемені мерзімінен бұрын төмендетсе, баға қысымы сақталып, инфляция жылдам жүреді.

Сондай-ақ оқыңыз