
Алматы қаласының әкімдігі туризмді дамыту мақсатында блогерлермен жұмыс істеуге, имидждік видеолар түсіруге және Tripadvisor пен Expedia сияқты халықаралық платформаларда жарнама орналастыруға 1,2 млрд теңге бөлуге шешім қабылдады. Бұл туралы BES.media хабарлады.
Жарнамаға бөлінген қаражат қайда жұмсалады?
Бөлінген қаржы мына бағыттарға жұмсалады:
- халықаралық блогерлер мен инфлюенсерлерді тарту,
- Алматыдағы халықаралық іс-шараларды қолдау,
- туристік бағыттарды жарнамалау,
- қаланың туристік нұсқаулықтарын әзірлеу,
- туристік ағынды зерттеу.
Алматының туристік жарнамасы қандай нәтиже берді?
Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылы жүргізілген жарнамалық кампания:
- 20 миллион адамға дейін әлеуметтік желілерде белсенділік тудырды,
- 100 мың туристі тартты,
- Алматыға келген туристердің жұмсаған қаражаты 73,5 млрд теңгеге жетті.
Қала әкімдігі Алматының туристік инфрақұрылымын дамыту үшін қонақүйлер санын арттыруға басымдық береді. Қазіргі уақытта қалада 37 жаңа қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылы 10 қонақүй ашылады.
Бұған дейін Үкімет Алматы маңайында тау кластерін дамытуға 655 млрд теңге жұмсайтыны туралы жазған едік.