Алматы әуежайында ерлік танытқан азамат – әнші Бағлан Әбдірайымовтың ағасы

Жарияланды 7 Наурыз 2025 16:50

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Мұса Әбдірайымов Алматы әуежайында ерлік танытты / фото: instagram

Алматы халықаралық әуежайында орын алған оқиғада ерлік танытқан азаматтың есімі Мұса Әбдірайымов. Бұл туралы оның ағасы, «Жігіттер» тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов өзінің Instagram парақшасында бөлісті.

Мұсa Әбдірайымов 1973 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген. Ол кәсіби спортпен айналысқан, бүгінде бес баланың әкесі.

Ерғали Әбдірайымовтың айтуынша, Мұса бұл әрекетті жоспарламаған, бірақ қиын сәтте батыл шешім қабылдап, елдің құрметіне бөленді.

«Ешкім батыр немесе қаһарман боламын деп жүрмейді. Бірақ қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, бастың қауіп-қатерге тігілгенін түсіне отырып, ерлік жасау – нағыз ер мінезді азаматтың белгісі,» – деп жазды Ерғали Әбдірайымов.

Мұса Әбдірайымовтың бұл ерлігі ел арасында кеңінен талқыланып, оның мемлекеттік марапатқа ұсынылғаны да белгілі болды.

«Кез келген марапатқа лайықсың, бауырым! Біз сізбен мақтанамыз,» – деп түйіндеді Ерғали Әбдірайымов.

Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматының әуежайында ер адам әуежай қызметкеріне пышақ тақап, кепілге алған еді.. Мұсa Әбдірайымов кепілге алған адамды құтқарып, пышағын тартып алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз