Бірінші рет несие алатын адамға онлайн кредит берілмейді

Бірінші рет несие алғалы отырған адам банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) онлайн кредит ала алмайды. Ол үшін қаржы ұйымының кеңсесіне бару керек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) 2025 жылдағы банк секторын қадағалау саясаты туралы құжатында жазылған. Реттеуші заңнамаға осындай өзгерістер енгізбекші.
ҚНРДА түсіндіруінше, бұл ұсыныстар қаржы ұйымдарында несие беру процесін қатаңдатуды көздейді. Сол арқылы қаржылық және киберқауіпсіздікті жақсартуды мақсат тұтады. Онлайн несиеден бөлек келесі шараларды енгізу жоспарланып отыр:
- 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар үшін несие алу кезінде қосымша міндетті келісім алу;
- Бір абонентке сатылатын SIM-карталардың санын шектеу;
- Ұялы байланыс абоненттеріне міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізу;
- Байланыс операторларын алаяқтықпен күресу үшін антифрод жүйелерін құруға міндеттеу;
- SIM-бокстарды реттеу және пайдалануға қойылатын талаптарды қатаңдату.
Сондай-ақ онлайн тұтынушылық несиелерді рәсімдеу кезінде 24 сағаттық «ойлану мерзімін» енгізбекші. Яғни банк кредит алуға рұқсат бергенімен, ақшаны тек бір тәуліктен кейін ғана шешіп ала алады.
«Бұл алаяқтықты азайту үшін де қажет. Алаяқтар несие алып, тез арада оған қол жеткізіп, өзіне аудара салады. Екіншіден – лудомандардың қаржыландыруға қолжеткізуін шектеу. Себебі оларға да тез, шұғыл ақша керек болады. Жалпы адамдар кредитті дәл қазір керек деп алуы керек емес, ойланып, салыстырмалы түрде шешім шығаруы үшін керек», – деп түсіндірген еді мұны Бірінші кредиттік бюро директоры Руслан Омаров.