
7 наурызда Алматыда KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы (КШФ) мен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) қолдауымен Qazaq Queens Chess Fest 2025 атты әйелдер арасындағы блиц-турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында FIDE президенті Аркадий Дворкович символикалық алғашқы жүріс жасады.
Қазақстандық шахматшы әйелдердің тарихи жетістіктері
Өткен 2024 жыл Қазақстан шахмат тарихындағы ең табысты жылдардың бірі болды. Біздің жасөспірімдер, ересектер, ардагерлер мен әуесқойлар халықаралық ресми турнирлерде рекордтық 160 медаль жеңіп алды – оның ішінде 55 алтын, 54 күміс және 51 қола.
Әсіресе, әйелдер құрамасының жетістіктері ерекше мақтауға лайық. Будапештте өткен 45-ші шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алды.
KazChess/КШФ бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов осы жетістіктерді атап өтіп, болашақта әйелдер арасында шахматты одан әрі дамыту керектігін айтты. Еуразия технологиялық университетінің ректоры Айжан Темербаева мен Mrs. Supermodel Worldwide 2019 жеңімпазы Инесса Назарова да бұл бастаманы қолдап, интеллектуалды спортқа әйелдердің көптеп тартылуы маңызды екенін атап өтті.
Турнир қалай өтті?
Турнирге рейтинг пен жас ерекшелігіне қарамастан барлық шахматшы қыздар қатыса алды. Жарысқа барлығы 95 шахматшы қатысты, оның 53-і FIDE рейтингінде тіркелген ойыншылар.
Блиц-турнир 3+2 форматында (әр ойыншыға 3 минут + әр жүріске 2 секунд қосымша уақыт) 9 турдан тұрды.
Турнирдің фавориті 13 жасар WFM (әйелдер арасында ФИДЕ шебері) Мария Холявко (рейтинг – 1961) болды. Ол 8 тур қатарынан жеңіске жетті, бірақ соңғы турда Жансая Шолпанбектен (1875) жеңіліп, 2-орынға сырғыды.
Нәтижесінде, WFM Айару Алтынбек (1973) бірінші орынға көтерілді. Ол да 8 ұпай жинады, бірақ Бухгольц коэффициенті жоғары болғандықтан, чемпион атанды. 11 жасар Жансая Шолпанбек 7,5 ұпаймен үздік үштікті қорытындылады.
Жеңімпаздарға арналған марапаттар
- Айару Алтынбек – Golden Youngster (ең жоғары деңгейдегі стипендия) иегері
- Жансая Шолпанбек – Golden Kid (екінші деңгейдегі стипендия) иегері
- Мария Холявко – Күміс пакет иегері
Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, гүл шоқтары және ақшалай сыйақылар табысталды:
- 1-орын: ₸500 000
- 2-орын: ₸400 000
- 3-орын: ₸300 000
- Жас ерекшелік бойынша үздіктер (8, 10, 12, 14, 16, 18 жас, 50 жастан жоғары, 65 жастан жоғары): ₸100 000
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге (шамамен 4 000 АҚШ доллары).