
Темір жол – жоғары тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін сала. Бұл жүйенің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуінде әйелдердің рөлі ерекше. Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 3,5 мыңнан астам әйел қызмет етсе, олардың қатарында 1256 жолсерік пен 401 касса қызметкері бар.
Жолсерік – сенімді серік
Жолсеріктердің міндеті тек билет тексеріп, тәртіпті бақылаумен шектелмейді. Олар ай сайын 170-180 сағат жол үстінде өткізіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін отбасынан жырақта еңбек етеді. Жолсеріктер жолаушылардың сапарын жайлы етуге ғана емес, қажет болған жағдайда түрлі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Жолаушылар үшін психолог, бала күтуші, тіпті дәрігер қызметін де атқаратын жанашыр жандар.
Соңғы үш жылда пойызда 14 нәресте өмірге келген. Осындай тосын жайттарда жолсеріктер жедел әрекет етіп, аналарға қолдау көрсетіп, нәрестелердің амандығын қамтамасыз еткен. Айта кетерлігі, бұл жауапты сәттерде көмек қолын созған жолсеріктердің көбі өздері де көпбалалы аналар еді.
Темір жол кассаларындағы табанды еңбек
Темір жолдың тағы бір маңызды буыны – касса қызметкерлері. Билет рәсімдеумен қатар, жолаушыларға бағыттар мен қозғалыс кестесі туралы ақпарат беріп, сапардың жайлы өтуіне ықпал етеді. Бүгінде елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін 165 касса бар. Олардың үздіксіз қызмет етуі – екі ауысымда еңбек ететін әйелдердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Темір жол саласында жұмыс істейтін әйелдер күн сайын түрлі қиындықтарға тап болғанымен, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің арқасында саланың маңызды тірегіне айналған. Олар миллиондаған жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, нағыз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп келеді.