Маск, Безос, Брин, Арно: Трампты ұлықтағандар 209 млрд доллардан айрылды

2025 жылғы 22 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациясына қатысқан миллиардерлер содан бері 209 млрд доллардан айрылды. Олардың арасында Маск, Безос, Брин, Цукерберг, Арно секілді әлемнің ең дәулетті адамдары бар.
Құрама Штаттардың жаңа басшысын ұлықтау салтанатына қатысқан ауқаттылар бір жарым айдың ішінде қанша байлығынан айрылғанын Bloomberg есептеп шықты.
Агенттік мәліметінше, инаугурацияда бой көрсеткен миллиардерлерге тиесілі компаниялар 17 қаңтардан бері жалпы көлемі 1,39 триллион доллар жоғалтқан. Миллиардерлердің жеке дәулеті де әжептәуір азайып қалды.

Илон Маск (- 148 млрд доллар)
Tesla-ның 53 жастағы бас директорының дәулеті 2024 жылғы 17 желтоқсанда 486 миллиард доллар болған. Мұндай байлықты адамзат тарихында ешкім жинаған емес. Құрама Штаттардағы президент сайлауынан кейін Tesla акциялары шамамен екі есе күшейген.
Содан бері кәсіпкердің дәулеті төмендей берді. Саясатқа белсене араласқан Масктан көңілі қалған Еуропа оның өнімін сатып алуды күрт доғарды. Бір ғана Германияда қаңтар-ақпан айларында Tesla саудасы 70%-ға кеміді. Қытайға өнім жеткізу көрсеткіші де өткен айда 49% төмендеген.
Джефф Безос (- 29 млрд доллар)
61 жастағы Безос президент Трампты жеңісімен алғаш болып құттықтағандардың бірі. Amazon 2024 жылғы желтоқсанда Трамп инаугурациясы қорына 1 млн доллар аударды. Ал ақпан айында Безос Трамппен бірге түскі ас ішкен.
Amazon акциялары 17 қаңтардан бері 14%-ға құлдыраған.
Сергей Брин (- 22 млрд доллар)
Көп ақшадан айрылған Маск пен Безос қана емес, Сергей Брин де қомақта қаржыдан қағылды. 51 жастағы Брин кезінде Ларри Пейджбен әйгілі Google-ды бірге басқарған. 2017 жылы Трамптың көші-қон саясатына қарсы акцияға қатысқан.
Трамп екінші мәрте президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін бір айдан соң Брин жаңа президентпен Mar-a-Lago-да түскі ас ішкен.
Оның Alphabet Inc. компаниясының акциялары ақпаннан бері 7%-ға құнсызданды.

Марк Цукерберг (- 5 млрд доллар)
Meta акциялары жыл басында шарықтап тұрды. Қаңтардан ақпанның ортасына дейін 19%-дық өсім көрсетті. Алайда содан бері компания акциялары осы өсімнің бәрінен айрылып қалды. Magnificent Seven индексінің өзі былтырғы желтоқсаннан бері 20%-ға құлады.
Бернар Арно (- 5 млрд доллар)
Louis Vuitton, Bulgari секілді брендтерден тұратын люкс конгломератына ие 76 жастағы Арно ондаған жылдар бойы Трамптың дос болды.
2024 жылдың басында әжептәуір құлдыраған LVMH президент сайлауы өткеннен кейінгі уақыттан 2025 жылғы қаңтардың аяғына дейін 20%-ға күшейген. Содан бері ол өсімнің көп бөлігінен айрылып үлгерді.