
Қазір еңбек нарығы өте тез өзгере салады. Бірер жыл бұрын табысы көп, сұранысы мол мамандық табан асты өзекті болмай қалуы мүмкін. Оның орнын басатын неше түрлі жаңа мамандық пайда болып жатады. Олай болса, дәл қазір қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? Қай мамандар көп айлық алады? Қазақстанның еңбек нарығында ахуал қандай? Шолу жасайық.
IT және технологиялар
Тізімде бұл мамандықтың көш бастайтыны ешкімді таңғалдырмас. Өйткені бағдарламалаушылар мен киберқауіпсіздік мамандары кейінгі жылдары ең табысты мамандықтар қатарынан табылып келеді. 2025 жылы IT-кадрға сұраныс одан әрі арта береді. Әсіресе, жасанды интеллект, машинаны үйрету, клауд технологияларды меңгергендер жоғары айлық алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда IT-мамандар орта есеппен айына 700 000 теңгеден бастап 2 500 000 теңгеге дейін табады.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Бағдарламалық жасақтама жасайтын мамандар (Java, Python, C#)
- DevOps-инженерлер
- Киберқауіпсіздік мамандары
- Аналитиктер
- Клауд шешімдер архитекторлары
- Тест жасаумен айналысатын инженерлер
- Блокчейн-технология мамандары
Сала қалай дамып жатыр?
IT-сектор елімізде күн санап өсіп жатыр. Қазақстандық компаниялар жасақтамамен айналысатын бөлімдерін жаңа мамандармен толтыруды белсенді қолға алып жатқанын көріп отырмыз. Оған қоса шетелдік компанияларда істейтін отандастарымыз да аз емес. Алдағы жылдары жасанды интеллект, автоматизация бағытындағы мамандарға сұраныс арта түседі.
Мұнай және газ саласы
Бұл саланың да ТОП-та тұратыны баршамызға белгілі. Өйткені Қазақстан — мұнай және газ индустриясында ойып тұрып орнын алған ел. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін мамандар лайықты жалақысын алады. Инженер, геолог, технологтар елімізде айына 800 000 теңгеден бастап 3 500 000 теңгеге дейін алады.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Бұрғылаушы инженерлер
- Мұнай технологтары
- Геофизиктер
- Мұнай мен газ өндіретін инженерлер
- Экологтар мен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инженерлер
Сала қалай дамып жатыр?
Әлем жасыл энергетикаға бет бұрып жатқанына қарамастан, мұнай мен газ әлі де стратегиялық маңызы зор ресурс болып қала береді. Компаниялар жасыл технологияларға инвестиция салып жатыр. Ал тұрақты даму саласында жұмыс істейтін мамандарға сұраныс артып келеді.
Қаржы және инвестиция
Банк секторы, активтерді басқару және инвестиция салаларында жоғары айлық алатын қызметкерлер істейтінін білеміз. Атап айтқанда, қаржы аналитиктері, экономистер, брокерлер орта есеппен 1 000 000 теңге табыс табады. Ал активтерді басқару саласында тәжірибесі мол мамандар тіпті 5 000 000 теңгеге дейін алады екен.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Инвестициялық аналитиктер
- Қаржы кеңесшілері
- Трейдерлер
- Банктегі бөлім басшылары
- Қаржы бақылаушылары
Сала қалай дамып жатыр?
Қазір криптовалюта мен финтех-шешімдерге сұраныс артып жатыр. Сондықтан компаниялар блокчейн-технологиялары, дижитал валюта, алгоритммен жұмыс істейтін сауда салаларын меңгерген мамандар іздейді.
E-Commerce
Электрон коммерцияның да қарқыны күшейіп келеді. Компаниялар онлайн-бизнесті дамыта алатын мамандарға айлық аямайды. Мысалы маркетолог, SEO-мамандары, таргет жарнама мамандары айына 600 000 теңгеден бастап 2 000 000 теңгеге дейін табыс таба алады.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Digital-маркетологтар
- SEO-оптимизаторлар
- Жарнама мамандары
- Маркетплейс менеджерлері
- UX/UI-дизайн мамандары
Сала қалай дамып жатыр?
Онлайн-сауда қарқыны күшейген сайын қолданушылардың жүріс-тұрысына анализ жасай алатын, соған сай тиімді стратегия құра алатын, интернет-дүкендер конверсиясын көтере алатын мамандарға сұраныс та артып жатыр.
Робототехника мен жасанды интеллект
Бұған дейін IT-мамандардың жалақысы жоғары екенін айтқанбыз. Дегенмен осы екі саланы ерекше атап өтпесе болмайды. Қазақстанда әзірге робототехника мен жасанды интеллект саласындағы маман көп емес. Сол себепті жасанды интеллект енгізіп, автоматтандыруды қатыратындарға компаниялар кемінде 1 200 000 теңгеден басталатын айлық төлеуге дайын. Бұл — орташа шама.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Робототехника инженерлері
- Машинаны үйретумен айналысатын мамандар
- Нейрон желісін жасайтын бағдарламалаушылар
- Data Scientists
Сала қалай дамып жатыр?
Өндіріс автоматтандырылып, ақылды жүйелер жаппай енгізіліп жатқандықтан қатты қарқынмен дамып жатыр дей аламыз. Бұл тенденция күллі әлемге тән. Сол көштен қалмайын деп Қазақстан да қызмет көрсету, өндіріс салаларына жасанды интеллект енгізіп жатқанын көріп отырмыз.
Медицина
Хирургтер, стоматологтар мен пластикалық хирургтер — ең «қымбат» мамандар. Алатын айлығы өте жоғары. Орта есеппен алғанда айына 5 000 000 теңгедей таба алады. Бұл жерде жеке мекемелерде істейтін мамандар туралы айтып отырмыз.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Хирургтер
- Кардиологтар
- Ортопедтер
- Эстетикалық стоматологтар
- Онкологтар
Сала қалай дамып жатыр?
Осы дәрігерлерге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Оған қоса медициналық туризм де сәнге айналды. Мысалы, қазақстандық клиникаларға шетелден пациенттер келеді. Бұл дегеніміз мамандардың табысын көтереді.
ICO және NFT-аналитика
Криптовалюта нарығы мен дижитал активтер дамыған сайын табыс табатын жаңа тәсілдер де пайда болып жатыр. Мәселен ICO және NFT аналитиктер кемінде 800 000 теңгеден бастап табады екен. Ал табысты деген трейдерлер мен кеңесшілердің табысы 3 000 000 теңгеден асып түседі.
Сұранысы мол мамандықтар:
- Блокчейн-жобалар аналитиктері
- Криптотрейдерлер
- NFT-кеңесшілері
- Смарт-келісімшарт бағдарламалаушылар
Сала қалай дамып жатыр?
Криптовалюта нарығы өте қатты құбылып тұрады. Бірақ соған қарамастан, блокчейн саласындағы мамандарға сұраныс көп. Компаниялар дижитал активтерді бизнеске енгізу жағын зерттеп, үнемі түрлі нұсқа қарастырып отырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін дижитал саладағы мамандықтарға шолу жасаған едік. МатериалдаIT-бағыттарын талдап, ондағы жалақы мен талаптарды талдағанбыз.