
Наурыз — жыл басы мейрамы. Бұл мерекені 3 мың жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз, Кавказ, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінде 300 миллионға жуық адам тойлап келеді. 2009 жылы 30 қыркүйекте ЮНЕСКО Наурыз мейрамын «адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне енгізген.
Наурызды Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Албания, Босния және Герцеговина атап өтеді.
Бүгінгі шолуымызда Наурызды ерекше тойлайтын, колоритті Өзбекстан мен Иранғатоқталып, мереке күндерін басқа мәдени ортада өткізгісі келетін оқырмандарымызға жинақы саяхат жоспарын ұсынамыз.
Өзбекстан

Қалай жетеміз?
Өзбекстан астанасы — Ташкентке Шымкент, Алматы мен Астанадан Air Astana, FlyАrystan рейстері бар.
Мереке қарсаңында ұшақ билеттері қымбат болса, пойызбен немесе таксимен Шымкент қаласына барып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы құрлық шекарадан өте аласыз. Шымкенттегі кез келген мекенжайға indrive қосымшасы арқылы такси шақыруға болады. Көлік сізді «Қапланбек» шекара бекетіне 2500-3000 теңгеге жеткізіп тастайды (Әдетте туристер«Жібек жолы» шекара бекеті арқылы өтеді, бірақ қазір ол жабық). Қаладағы «Колос» базарына барып мінсеңіз, шекараға қатынайтын автобус, такси бағасы 1500 теңгеден басталады.
Шекара күні-түні жұмыс істейді, көрші елге өту үшін шетелге шығатын төлқұжат керек. Шекарадан өткен соң, Yandex қосымшасы арқылы такси шақырасыз. Қосымшаға қазақстандық картаңызды тіркеп қойып, сонымен төлем жасай бересіз. Шекара бекетінде Ташкентке қатынайтын такси жүргізушілері қаумалап күтіп алады, тек бағасына саудаласуды ұмытпаңыз!
Виза: 30 күнге дейін виза қажет емес
Қайда барамыз?
Ташкент — Хиуа — Бұхара — Самарқан.
Қалалар арасында ұшақ, пойыз, автобус немесе такси жүреді. Ең жылдам әрі арзан әдісі — пойыз. Мәселен, Ташкент-Самарқан арасында 2 сағатта жеткізетін Афросиаб жедел пойызы қатынайды. Билеттерді railway.uz ресми сайтынан таба аласыз. Одан бөлек, 12go, omio сервистері де қалааралық пойыз, ұшақ билеттерін сатады.
Ташкентте шығыс тағамдарынан тұратын гастро-тур жасағыңыз келсе, Чорсу базарына соғыңыз. Атақты өзбек палауын «Besh qozon» асханасынан жеуге болады. Magic city, Seoul park, Tashkent city park кешені балаларға да, ересектерге де алуан түрлі қызық ұсынады. Қаланы арзан аралау үшін метромен жүріңіз.
Самарқанда Регистан ансамблін аралап, Мерос қағаз фабрикасына баруды ұсынамыз. Шахи Зинда мемориалды кешені мен Әмір Темір мавзолейінде небір қызық аңыз-әңгіме естіп, құнды жәдігерлерді өз көзіңізбен көресіз. Күнде кешке Регистан алаңында жарық шоуы өтеді. Ежелгі дәуір ескерткіштерінің заманауи технологиямен ұштастығы көрген адамға керемет әсер қалдырады.
Бұхара — ашық аспан астындағы мұражай сияқты. Мұнда Арк бекінісі, Ұлығбек медресесі, Пои-Калян архитектуралық кешені, Исмаил Самани мавзолейі сияқты тарихи орындарды асықпай, жаяу аралау керек. Шаршасаңыз, Ляби Хауз маңындағы көше музыканттарының өнерін тамашалап, көп мейрамхананың бірінен әдемі көрініспен ас ішіңіз. Кешкісін Бұхараның атақты хамамына барып, spa демалыс ұйымдастыруға болады.
Хиуаға жолыңыз түссе, Ичан қаланың (ежелгі қаланың ішкі бекінісі) ішінен қонақүй алған дұрыс. Сонда өзіңізді орта ғасыр тұрғынындай сезінесіз. Күн көтерілмей, Ислам қожа мұнарасына шығып, ескі қаланың әдемі көрінісіне сүйсінуге болады.
Өзбекстанда мереке 21 наурыз басталады. Наурыз күндері үлкен қалалардың бәрінде өтетін жәрмеңке мен концерттік шаралардан қалып қоймаңыз. Әр қаладағы мерекелік шараларды afisha.uz сайтынан іздеп табуға болады.
Елдегі наурыз тойында міндетті түрде сумалак ішіңіз. Бұл — көктемнің белгісі саналатын ұлттық тағам. Оны бидай мен ұнды 12 сағат бойы қайнатып дайындайды. Өзбектерде сумалакты жақсы ниетпен ішкен адамның бар тілегі орындалады деген сенім бар.
Нені ескеру керек?
- Еркін жүріп-тұру үшін google maps, maps.me немесе үйреншікті 2gis қосымшасын (алдын-ала баратын қалаңыздың картасын жүктеп алу қажет) пайдаланыңыз.
- Өзбекстанда қазақстандық картамен төлеуге болады, бірақ барлық жерде емес. Сондықтан қолма-қол ақша алыңыз. Қазақстан теңгесін шекара бекетінде өзбек сумына ауыстырып алуға болады.
- Өзбекстанда барлық мейрамханада бірдей wifi-ға қосылуға мүмкіндік жоқ. Байланыста болу үшін жергілікті немесе электронды сим карта (мәселен, airalo), роуминг керек.
Иран

Қалай жетеміз?
Иран астанасы Тегеранға Баку немесе Ыстанбұл арқылы жетуге болады. Бакуге ең арзан рейстер Ақтау қаласынан ұшады. Ыстанбұлға Шымкент, Алматы мен Астанадан Pegasus, FlyАrystan рейстері бар.
Виза: 14 күнге дейін виза қажет емес
Аз-кем ақпарат: Иран — мұсылман мемлекеті болғанымен, араб елі емес. Мұнда арабтар емес, парсылар тұрады және олар фарси тілінде сөйлейді. Халықтың көбі ағылшын тілін біледі. Саяси режим исламды қатаң ұстанатын діншіл топ өкілдерінен тұрады, бірақ Иран халқы өте еркін. Сондықтан консервативті көзқарас пен қысымнан қорықпаңыз.
Қайда барамыз?
Тегеран, Персеполь, Абьяне ауылы, Шираз, Язд.
Тегеран — гранд базарға барып, әлемдегі ең кішкентай шайханадан шай ішіп, ең дәмді кебаб жеп, Голестан сарайын аралап, Дарбанд таулы өңірінде демалу;
Персеполь — б.з.д VI-V ғасырда болған Ахеменидтер империясының астанасы, ежелгі Персеполис қаласының орнын көріп, ғажап күйде сақталған көне қабырғалар мен ескерткіштерге тамсану;
Абьяне ауылы — 2000 жылдан бері келе жатқан ежелгі ауылды көріп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, қолдан кілем тоқып үйрену;
Шираз — Иранға жолы түскен бар саяхатшының инстаграмында жүрген Наср әл-мүлк мешітінің әдемілігіне қайран қалып, парсы шарабы мен поэзиясының отанын көру;
Язд — Дәулетабад бақшасы, су мұражайы, үнсіздік мұнарасы сияқты нағыз шығыс колориті үшін баруға тұрарлық.
Нені ескеру керек?
Иран — шетелге сапарын өзі жоспарлап үйреніп қалған тәжірибелі саяхатшыларға қалыпты, жай туристерге сәл күрделі мемлекет. Жо-жоқ, қорқуға асықпаңыз: Иран — қауіпсіз, адамдары да мейірімді. Бірақ Иран көп жылдан бері Батыс санкцияларынан зардап шегіп келеді, соған байланысты бұл елге сапарыңыз сіз үйренген саяхаттан сәл өзгеше болуы мүмкін. Мәселен:
— Иранда әйелдер ұзын, жабық киініп, шашын орамалмен жауып жүруі керек. Ерлерге тізеден жоғары шалбар киюге болмайды.
— Иранда Facebook, Netflix, Youtube сияқты көп сервис бұғатталған. Веб-сайттар мен қосымшаларды кедергісіз пайдалану үшін саяхатқа шықпай тұрып, сенімді VPN жүктеп алыңыз.
— Ең қызығы: Иранда қонақүй немесе пәтер іздейтін booking, airbnb, agoda сияқты қосымшалар істемейді. Бірақ далада қалмайсыз, қонатын жер табудың бірнеше жолы бар:
- Google картаға hotel деп жазсаңыз, әр қаладағы қонақүйлер тізімі шығады. Ол жерден қонақүйдің рейтингі, суреті, бағасы, орналасқан жері, байланыс нөмірі мен басқа жолаушылардың пікіріне дейін көре аласыз. Көрсетілген нөмірді Иранның кодымен сақтап, мессенджерден жазсаңыз (мысалы, whats app), қонақүйді тікелей броньдауға болады.
- Ираннан жергілікті туристік компания немесе гид табасыз. Қонақүйіңізді солар броньдап береді. Гид немесе туристік компанияны viator, getyourguide, tripadvisor сайттарынан іздеңіз.
- 1stquest, wego сияқты жергілікті қосымшалар арқылы қонақ үй, гестхаус немесе пәтер броньдауға болады.
- Картадан әр қаладан өзіңізге локациясы, бағасы мен рейтингі сай келетін қонақүйлерді белгілеп, сақтап қойыңыз. Жеткен соң, қонақүйге тікелей барып, бөлмелерді қарап, ұнағанын аласыз.
Тағы бір факт: Батыс санкцияларына байланысты Иранда visa, mastercard — бір сөзбен, шетелдік карталар істемейді. Өзіңізбен доллар немесе еуро алып барып, жергілікті ақшаға айырбастап алыңыз.
Одан бөлек, жергілікті туристік компаниялар арқылы Ираннан банк картасын ашып, соған ақша салып алуға болады. Сонда барлық жерде онлайн төлем жасап жүре бересіз.
Тегеран, Шираз сияқты ірі қалаларда метро бар. Қалған жерде такси қызметін пайдалану үшін snapp деп аталатын қосымшаны пайдаланыңыз. Такси шақыруға, үнемі байланысты болуға жергілікті сим карта (ең дұрысы — Irancell) керек.
Иран — өте қонақжай ел. Мұнда көшеде кездескен кез келген адам сізді үйіне қонаққа шақыруы мүмкін. Ондай мүмкіндік туса, жергілікті халыққа қонақ болыңыз.
Әсіресе, Иранда наурыз мерекесін ерекше тойлайды. Парсылар үшін Наурыз — жаңа жыл. Жергілікті күнтізбе бойынша, жыл есебі 21 наурыздан басталады. Қазақстандағыдай мұнда да Наурызға үй тазалап, киім жаңалап дайындалу, бір-біріне қонаққа бару, дастархан жайып, сыйлық жасау дәстүрі бар.
Мәселен, Ирандағы әр үйде Наурызға «хафт син» деп аталатын үстел жасайды. Үстіне бақыт, молшылық пен береке шақыратын 7 түрлі (иә-иә, парсыларда да 7 қасиетті сан) зат: бидайдан жасалған тәтті, сірке суы, сарымсақ, алма, кептірілген жеміс, тиын, көк шөп қояды. Наурызға жергілікті халық «саману» деп аталатын тәтті дайындайды, небір дәмді тамақ пісіреді.
Иранда бейтаныс адамның үйіне қонақ болуға ұялсаңыз немесе қорықсаңыз, Surf iran, Tours of Iran жобалары арқылы жергілікті отбасымен бірге тұру немесе кешкі ас ішу сияқты турлар алуға болады.