Түркістанда туристер үшін Red Bus қатынай бастады

Жарияланды 24 Маусым 2026 16:05

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Түркістан қаласындағы қызыл автобус
Лондондағыдай қызыл автобус Түркістанда да бар / фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан қаласында Smart Shuttle Bus Turkistan экскурсиялық маршруты іске қосылды. Жаңа жоба туристерге сапалы қызмет көрсетуді көздейді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусы Түркістанның негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын аралайды. Маршрут әуежайдан басталып, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен-сарай туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бағыттарын қамтиды.

Түркістан қаласындағы қызыл автобус
Қаланың көрікті жерлерін қызыл автобуспен аралауға болады / фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жоба аясында туристерге арналған заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Атап айтқанда, QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік Turkistan Pass жүйесі, үш тілдегі аудиогид, Telegram және WhatsApp чат-боттары, онлайн карта мен GPS мониторинг қызметтері бар. Сонымен қатар жолаушылар автобустың нақты уақыттағы қозғалысын және келу уақытын бақылау мүмкіндігіне ие болады.

Түркістан қаласындағы қызыл автобус
Қызыл автобус салоны / фото: Түркістан облысы әкімдігі

Экскурсиялық автобустар Wi-Fi желісімен, кондиционермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Қозғалыс аралығы – 15–20 минут. Автобус күн сайын Визит орталық автотұрағы мен Керуен сарай алдынан сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

«Red Bus» автобусында 65 орын бар. Билет құны балалар үшін – 2 мың теңге, ересектер үшін – 3 мың теңге. Осы бағаға трансфер, гид және үйлестіру қызметтері кіреді.

Бұған дейін қытай инвесторы Түркістан облысындағы Қасқасу тау шаңғы кластеріне 172 млрд теңге құятыны мәлім болған. Жергілікті билік соның көмегімен Қасқасуды әйгілі Куршевельге айналдыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз