
Фитнес, тұрақты жаттығулар қазір көп адамдардың өмір салтына айналып келеді. Өйткені, адам өзін ұдайы жақсартуға ұмтылады. Оның жалғыз жолы – спорт.
«Дені саудың – жаны сау» деген сөз бекер айтылмаған. Тән мен жанның, ақыл мен әдеміліктің үйлесімдігін тек қана спорт бере алады.
Үй жағдайындағы фитнес
Ыждаһатты адамдар үшін фитнеспен үй жағдайында да айналысуға болады. Қазір нарықта спорттық құрал жабдықтардың түр-түрі бар. Оны аз десеңіз, фитнес жаттығуларды жасауға арналған резеңкеден жасалған дүниелер жетіп артылады. Тиімді пайдаланса, олар қымбат құрал-жабдықтарды толық алмастыра алады.
Қазір ақпаратты қалай аламын деп те қиналмайсыз. Интернетте мамандардың кеңестері толып тұр. Соларды тыңдап, оқып, дұрыс техниканы таңдап алуға да мүмкіндік мол. Әрине, бұл үшін де біраз уақыт спортпен айналысып, жаттығу техникасын меңгеріп, біршама тәжірибе алу қажет екені сөзсіз. Үй жағдайындағы жатығулар фитнес залын толық алмастыра алмаса да, дене бітіміңізді біраз уақыт бір қалыпта ұстауға септігі тиеді.
Спорт қандай сырқаттарды болдырмайды?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде әрбір сегіз адамның біреуі психикасы бұзылған. Спорттың ағзаға оң әсері адамның психикалық денсаулығын да жақсартады. Мазасыздықтан арылтып, күйзелістен қорғайды. Тұрақты түрде айналысатын адамдар көп қозғалмайтын адамдарға қарағанда көңіл-күйі көтеріңкі болады. Дененің белсенді қозғалысы танымдық қабілетті жақсартады. Өзін-өзі бағалауын күшейтеді.
Мидың жұмысқа қабілеттілігін арттырады. Өйткені, адамның ең маңызды мүшесінде зат алмасу дұрыс жұмыс істейді. Фитнес, тұрақты жаттығулар дене күшін ғана арттырып қана қоймай, ақыл-ой жұмысында да төзімділікті арттырады. Спорт есте сақтау қабілеті мен шығармашылық ойлау дағдыларын дамытады.
Артық салмақтан арылудың пайдасы
Спорт – артық салмақпен күресудің бірден-бір жолы. Одан арылу денеңіздің саулығын арттырып қоймай, дене бітіміңізді жақсартып, сенімділік сыйлайды. Холестерин деңгейін төмендетуге игі септігін тигізеді.
Салмақ көп түсірмей, спортпен, фитнеспен тұрақты айналысу ұзақ өмір сүруге де ықпал етеді. Суық тиюі, тұмау секілді ауруларға да көп шалдыға бермейді.
Қазір көп тараған дерт – қант диабетінің алдын алуға көмектеседі. Ал бұдан айналып өте алмағандар үшін қан құрамындағы артық қантты жағып, өзін жақсы сезінуге көмектеседі.
Сонымен қатар, өмірден алар түрлі ләззат сезінуге де көп үлес қосады. Оның ішінде төсек қатынасы да бар.
Жақсы иммунитетке қол жеткізу
Бұлшықеттің қан айналымы оңалып, дене бітімін көріктендіре түседі. Тұрақты жаттығу жасайтын адамдардың денсаулығы түзеліп, иммунитеті нығая түседі. Орта жастағылар үшін маңызы сол, спорт қартаюдың да алдын алады. Ағзаны уытты заттардан тазартып, терінің көрікті әрі серпінді болуына ықпалы бар.
Ұйқысы бұзылып жүрген адамдарға да пайдасы ұшан-теңіз. Фитнес, тұрақты жаттығулар жүрек-қан тамырларына жаңа өмір сыйлайды десек, көп айтқандық емес. Қан құрамын жақсартып, эритроциттер мен гемоглобин деңгейін көтереді. Қан құрамында оттегінің артуына түрткі болады. Соның арқасында қазіргі кезде кең таралған инсульт секілді дерттің қаупін азайтады.
Сонымен қатар, буындардың жұмысын жақсартады.
Мұның алдында фитнеспен қалай дұрыс айналысу қажет екені туралы кеңес берген едік.